Қазыбек ИСА: Мәсімовпен мәселе бітпейді

0

Депутат Қазыбек Иса Жарылғасынұлы Мәжіліс отырысында Қазақстанда орын алған қайғылы қаңтар оқиғасы, мемлекеттік төңкеріс пен жемқорлыққа қатысы бар шенділер туралы өз пікірін білдірді, — деп жазады Kznews.kz сайты.
Депутат кесек-кесек сөздерімен ашынған халықтың жанайқайын жеткізді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Жаханұлына қоғамда кең талқыға түсіп, әлі күнге дейін шешімі табылмаған мәселелердің басын ашып алуды ұсынды.

«Қаңтардағы қасірет елімізді дүр сілкіндіріп, есімізді жиғызды. 30 жылдағы қателіктерді әлемге жайып салды. Отыздыққа енгіземіз деп оталып тұрған отарбамыз болмаса, ешқандай жылжымағанына куә болдық. Мемлекеттік төңкерісті ұйымдастыстырушылар кімдер? Бәрі анықталып, жауапқа тартылуы тиіс. Мәселе де Мәсімовпен біте қалмайтынын, тым тереңде жатқанын елдің бәрі жақсы біледі. Сондықтан барлық шындық ашық айтылу керек. Сонда ғана ел билікке сенеді,  әйтпесе ереуіл жалғаса береді.
Бұл бүлік қайталанбас үшін қарулы күштерді күшейтіп, қауіпсіздік комитетін тазалау қажет. Қорғаныс Министрлігі де атына сай болуы тиіс. Қауіпсіздің комитеті лаңкестерге неге тосқауыл қоймады? Шекара қызметі мен көші-қон қызметі күдіктілерді елге қалай кіргізді? Жастарға бойдағы үрейді жойып жіберетін, ұлтқа да, оққа да қойып кететін таблеткаларды таратқандар кімдер? Қақтығыста ұсталған радикал топтар туралы не айтасыздар? Он жыл бұрын діни радикал ағымдарға заңмен тыйым салатында барлығы қолдап, тек Қауіпсіздік комитеті қарсы болған. Сонда біз «ұлттық қауіпсіздік комитеті  ұлтқа қауіпті комитет пе?» деп жазған едік. Бұл шындыққа айналды. Діни радикализмді заңмен тыятын уақыт келді.
Құзырлы органдарды ел басына күн туғанда сатып кеткендерден тазалау керек. Мемлекеттік тілде ғана жазылуы тиіс антты түсіне алатындар ғана басшы болуы керек. Себебі тілін қорғай алмағандар, елін де қорғай алмайды.
Жазықсыз жандарды атып,  арандату жасаған күдіктілердің шабуылынан, олардың «мемлекетті құлатамыз» деген вирусы, қазіргі интернеттегі шабуылы асып түсіп жатыр.
Ел басына түскен ауыр сынақ кімнің кім екенін көрсетті. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар Тәуелсіздігімізден айыра жаздады. Осындай қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас қолбасшы ретінде тыныштығымызды, бейбітшілігімізді сақтап қалды. Қазір шындықты Президенттен ғана естіп жатырмыз. Ал үкімет, Бас прокоратура бастаған топ неге үнсіз? Сіздер Президент тасасында қашанғы жасырынып жүрмексіздер. Жаңа үкіметтің жаңа жұмысы қайда? Олардың әрекетсіздігі сонша, егер барлығын әкімдермен қосып әкетіп қалса, түк өзгеріс болмайтын жағдайға жеттік. Олардың керегі қанша? Бізге елдің жағдайын жасайтын, халықтың тілінде сөйлесе алатын ұлттық үкімет керек. Пандемияда тәж індетінен ел қырылғанда,  Президент Мемлекеттік басқару күштері күйреген деп еді. Ал қаңтарда Күштік Құрылымдардың қаусағанын көрдік. Яғни тәж тажал мен тәж талас барлық саланың қирағанын әшкереленгенін дәлелдеп берді. Президент  шетелдегі 167 миллиард доллар қаржыны қайтаруды тапсырды. Енді не күтіп, кімге қарап отырсыздар? Елдің жағдайы қиын. Ал біз ұрланған миллиардтарымызды халықтың қазынасын қайтара алмай отырмыз. Мынау қаңтар кезінде көшеге шыққан, көшеге пұл үшін ғана емес, тіл үшін де шыққан жастар ешнәрсе жоғалтпайтын еді. Өйткені олардың қолында артық зат болған жоқ. Басында баспана да, жұмыс та, жер де, тауып жатқан пұл да, тіпті көретін күн жоқ, яғни ештеңе жоқ. Енді көшеге шықпағанда қайтеді? Қақаған қыста дүкенге тастап кеткен жаздық аяқ киім — еліміздің 30 жылдық экономикалық көрсеткіші. Ал оның дүкен иесін тонауы — 30 жылдық ұлтсыздық идеологияның көрінісі. Біз ұлттық идеологияны жолға қойып, ұлттық концепция қабылдауға тиіспіз. Енді түтіні түзу шығатын ел ретінде барлық қоғам бірлесіп, Президент жанына топтасып, ұлттық келісім жасалмаса, Тәуелсіздікке қауіп төне береді» — деді депутат.

(Фото http://Abai.kz сайтынан алынды)