Ерлан ҚАРИН: Алдағы Жолдау – «Жаңа Қазақстанның» бастауы
ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин қазақтілді сайттардың журналистерімен кездесіп, жақында құрылған «Qazaq media Association» қауымдастығының мақсат-міндеттерімен танысты. БАҚ саласы бойынша барынша ашық өткен бас қосудың соңында қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Назарларыңызға «Адырна» ұлттық порталы және өзге де әріптестер тарапынан қойылған маңызды сұрақтар мен тұщымды жауаптарды ұсынамыз.
– «Қаңтар оқиғасына» қатысты көзқарасыңызды, пікіріңізді айтсаңыз?
– «Қаңтар оқиғасы» туралы көп айтылды. Меніңше, бірінші күннен бастап оқиғаға қатысты мемлекет тарапынан қажетті ақпарат үнемі беріліп отырды. Мемлекет басшысы да алғашқы сәттен бастап жиі үндеу жасап, сұхбат беріп отырды. Ал, соңғы уақытта Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі брифингтер ұйымдастырып, қоғам көкейіндегі сұрақтарға жауап беруде. Олар тергеу барысы туралы, жаңадан пайда болған ақпараттар бойынша уақытында түсініктеме беріп келеді. Яғни, бұрын осыған ұқсас оқиғалар кезіндегі мемлекеттің ақпараттық жүйесі мен бұл жолғы ақпарат таратуда үлкен айырмашылық бар. Билік мүмкіндігінше белсенді әрі ашық саясат ұстанды.
«Қаңтар оқиғасында» біз нені көрдік? Біз оқиғалардың толқын-толқын болып дамығанына куә болдық. Бірінші толқында азаматтар бейбіт шеруге шықты. Шерушілер мен полиция арасында ешқандай қақтығыс болған жоқ. Осыны бірден ашып айту керек. Оған түрлі бейнежазбаларды қарап, көз жеткізу қиын емес. Мен сол күндері, яғни 3-8 қаңтар аралығында Маңғыстауда үйлестіру штабында жұмыс істедім. Осы уақытта бірде-бір қақтығыс орын алған жоқ. Себебі шеруге шыққан азаматтар арандатушылыққа жол бермеді. Соған сәйкес, күштік құрылым өкілдері де кикілжіңге бармады. Әйтпесе, Ақтаудың өзінде жиырма мыңға жуық адам алаңда тұрды. Біз бұдан құқық қорғау органдарының қақтығысқа мүдделі болмағанын байқаймыз. Алматыда да бас кезінде жағдай солай өрбіді. Бірақ екінші толқында көшеге әртүрлі жастардың маргиналды топтары шықты. Олардың арасына саяси экстремистер енді. Түрлі ұрандар тастап, бейбіт шеруді радикалды бағытқа итермелей бастады. Екінші толқында қақтығыстар орын алды. Ал үшінші толқында көшеге криминалды топтар мен радикалды топ өкілдері шықты. Нәтижесінде ғимараттарды өртеу, полиция өкілдерімен қақтығыс, мемлекеттік және құқық қорғау мекемелеріне шабуылдар, дүкендерді тонау әрекеттері белең алды. Қаңтар оқиғасын осындай негізгі үш толқынға бөліп қарастыру керек. Бұлардың аражігін ажыратып айту маңызды.
Біз үш толқын деп отырмыз ғой, бірақ төртінші және бесінші толқынның да болуы мүмкін еді. Бірақ оны жүзеге асыруға билік жол бермеді. Айталық, Қаңтар оқиғасы кезінде халықаралық радикалды топтардың қатарында жүрген азаматтар еліміздегі жасырын ұйқыдағы ұяшықтарға (спящие ячейки) үндеу тастап, жиһадқа шақырады.
Осы орайда 2016 жылы Ақтөбеде болған қайғылы оқиғаны еске алайық. Сол кезде 25 адам бүкіл елді басына көтерген жоқ па? Халық «бұл қайдан шыққан террористер?» деп ойлады. Себебі бізде содыр десең бірден қару асынып, автомат ұстаған адам көзге елестейді. Ақтөбеде теракт жасаған азаматтар нақты бір ұйымның мүшесі емес-тін. Бір күні өзара араласып жүрген жігіттердің бірі ұлды болады. Айналасындағы азаматтарды үйіне шақырады. Таңертең үйінен қонаққа шыққан елу адамның ешбірі сол күні түсте «теракт жасаймыз» деп ойлаған жоқ. Қонақ үстінде үй иесі ватсап арқылы Сириядан келген аудионы тыңдатады. Үндеудің мақсаты – жиһадқа шақыру. Міне, соны тыңдайды да 25 жігіт терракт жасайды. Бір ғана аудионы тыңдап, осындай оқиға болды. Біз ол оқиғаны теракт дедік пе? Теракт дедік. Неге біз дәл сондай сценариймен болған Алматыдағы оқиғаларды теракт немесе теракт емес деп дауласып жатырмыз. Ол жерде де нақты бір ұйымның өкілдері болмады дейді. Себебі азаматтар көбіне белгілі бір ұйымның құрамында болмаса да, жиһад мәселесін талқылайды. Біздегі радикализмнің ерекшелігі де осы. Оның екі жағы бар. Бір жағы, нақты ұйымның жоғы. Осы уақытқа дейін ондай ұйымның құрылуына жол бермей, күресіп келе жатырмыз. Ал қауіпті тұсы автономды түрде, кездейсоқ осындай оқиғаларға бара салатындығында. Сол күндері мемлекеттік билік органдарының ғимараттарына, полицияға, стратегиялық және әлеуметтік нысандарға шабуылдарды көрдік. Заң бойынша бұл терроризм актісі болып есептеледі. Міне, қаңтар оқиғасы бізге соны айқын дәлелдеп тұр. Әр толқынның арасында байланыс бар. Тергеудің мақсаты осы байланыстарды анықтау. Сол күндері таразы басында біздің тәуелсіздігіміз тұрды. Бұл асыра сілтегендік емес.
– Қаңтар оқиғасынан кейін Йакын Инкар ұйымының мүшелері тұтқындала бастады. Бұдан кейін терроризмге шектеу қою және күресу шараларын мемлекет күшейте ме?
– Ең бірінші тергеу шаралары толық аяқталуы тиіс. Сол бойынша терроризммен күресу жолдары және басқа да амалдары қайта қаралатын болады. Әрине, біз қазір «терроризммен, радикализммен күресте қандай жаңа тәсілдерді ескеруге тиіспіз, нені назарда ұстауға міндеттіміз?» деген бағытта қызу талқылаулар жүргізіп жатырмыз. Тек таза радикализм немесе таза терроризм емес, соған апаратын факторлармен күресудің алғышарттарын да қарастырудамыз. Терроризм, радикализм ол қоғамдағы әлеуметтік дерттің белгісі ғана. Ал біз сол дертке, әлеуметтік кеселге алғышарт болып отырған факторларды анықтауымыз керек. Сондықтан алдымызда түрлі бағытта жұмыс жүргізу міндеті тұр. Радикализммен күрес – ортақ міндет. Көшедегі радикализмнен басқа, қоғамдағы кейбір радикалды риторикаларға да тосқауыл қою керек.
– Президенттің жақын күндері жасайтын Жолдауынан қандай өзгерістер күтуге болады?
– Жолдау халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап береді. Барлық мәселе қоғамдық талқылау арқылы пысықталуда. Бір ай бұрын Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің мәжілісін өткіздік. Жиынға қатысушылардың барлығы өз ойларын ортаға салды. Бір 5ана мәжілістің барысында 37 адам сөз сөйледі. Одан бөлек түрлі сарапшылардың да пікірлері ескерілуде. Оның ішінде билікті қолдайтын да, сынайтын да сарапшылар бар. Аймақтарға да барып, түрлі көзқарастарды жинақтадық. Осылайша, талқылау жұмыстары жан-жақты жүруде. Жолдауда қоғам күткен және күтпеген өзгерістер айтылып қалуы ықтимал. Себебі талқылаулар барысында қозғалмаған, көтерілмеген бастамаларды да зерттеп жатырмыз.
– «Жаңа Қазақстанда» мемлекеттік қызметкерлердің халықпен диалог жасауы қалай іске асады?
– Біздің кейбір әріптестерміздің жабық форматта жұмыс істеп үйреніп қалғаны жасырын емес. Көбіне брифинг арқылы ақпарат беріп жатады. Ал онда көп сұрақ қойылмайды. Әрине, одан қандай дағды қалыптасуы мүмкін? Дегенмен оң өзгерістер де жоқ емес. Мысалы, қаңтар оқиғасынан кейін құқық қорғау органдарының өкілдері де көпшілік алдына шығып, тиісті сауалдарға жауап беруде. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде барлық жауапты тұлғалар жұртшылықпен ашық пікірлесіп, кері байланыс орнатуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.
Дайындаған – Арман ӘУБӘКІР