«Қаланы бермейміз!» Ағайынды Кличколар Киевтен эфирге шықты

0

Киев мэрі Виталий Кличко мен інісі Владимир «Украина 24» телеарнасының эфиріне шығып, Украина астанасы төңірегіндегі жағдай туралы айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі УНИАН сайтына сілтеме жасап.

Мэрдің айтуынша, екі аптада тұрғындардың жартысына жуығы Киевтен кеткен. «Соңғы есептеу бойынша, Киевтің әрбір екінші тұрғыны қаладан кеткен, қазір Киевте екі миллионнан сәл аз адам қалған. Соған қарамастан Киев қазір бекініске айналды», — деді Владимир Кличко.

Оның айтуынша, ресейлік әскерилердің басты мақсаты — «билікті құлату» үшін астананы қоршауға алып, басып алу. «Олардың жоспары біздің жігіттердің арқасында жүзеге аспай жатыр. Шайқас жүріп жатқан Буча, Ворцель, Ирпень, Гостомельде біздің адамдар Киевті қоршауға алудың барлық жоспарын бұзып жатыр», — деді әкім.

Кличко әртүрлі мамандық иелері, оның ішінде музыканттар мен актерлер қаланы қорғау үшін тік тұрғанын атап өтті.

«Ештеңе болмайды, қаланы бермейміз» дейтін рух бұрын-соңды болмаған. Мен мұны қайталаймын: қала, тұрғындар қарсы тұрады. Қала ғимараттар емес, ол ең алдымен, —  адамдар. Олар қаланы бермейді, жау өтпейді», — деді әкім.

Владимир Кличко Киев тұрғындары отбасын қаладан шығарып, қайта оралып жатқанына назар аударды.

Euronews мәліметінше, ресейлік әскердің Киевке шабуылы жалғасып жатыр және ресейлік әскерилер қазір қаланы солтүстік пен батыстан қоршауға алған.

Киев Мәскеуді азаматтық инфрақұрылымды: тұрғын үйлерді, мектептер мен ауруханаларды бомбалады деп айыптайды. Ресей бұған қатысы бар екенін жоққа шығарады.

«Ресей әскерлері Украинада гуманитарлық апат жасап үлгерді. Бұл олардың жоспарының бір бөлігі. Олар тізе бүгіп басқыншылардың қолынан нан мен су сұрайтындай халқымызды масқаралағысы келеді. Сондықтан олар Мариупольді жауып жатыр, сондықтан Волноваханы жауып жатыр, басқа қалаларды жауып жатыр», — деді Украина президенті Владимир Зеленский.