Тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлы Қазақстан жеріне қатысты мәлімдеме жасады
Белгілі тарихшы Сұлтанжан Аққұлұлы Qasqa Jol бағдарламасына берген сұхбатында Ресей президенті Путин тарихты бұрмалап, соғыс ашып отырғаны туралы айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
«Егер саясаттанбаған шынайы тарихқа сүйенсек, кешегі Кеңес одағы құрамындағы мемлекеттердің – бүгінгі Тәуелсіз мемлекеттердің жер дауы болса, онда Қазақстанның Ресейден жер даулауына толық тарихи да, саяси да негізі бар» дейді Сұлтанхан Аққұлұлы.
Тарихшы тіпті өз сөзін мысалмен дәлелдеді.
«1917 жылғы 12 желтоқсандағы екінші жалпы қазақ құрылтайында Қазақ хандығының үйіндісі үстінен, соның жер аумағында Алаш ұлттық автономиясы құрылсын деп қаулы қабылдағанда сондағы автономияның жер көлемі 3,4 млн шаршы шақырым болатын. 1920 жылдың тамызында Кеңес Одағы орнап, Алашорда мен Кеңес Одағы басшылары бірнеше ай бойы келіссөз жүргізгенде қазақ ата-бабадан қалған шамамен 0,7 млн шақырым жерінен айырылды.
Ол қандай жерлер десек, 1920 жылға дейін Ақмола облысының құрамына кірген Омбы облысы, Алтай өңіріне қарасты Барнаул, Бийскі және Змеиногорскі ояздары. Ал Орынбор қаласының өзі орыс казактарының жері екені рас. Бірақ айналасының бәрі қазақтың ежелден келе жатқан ата қонысы. 1924 жылы Орынбор облысын Қазақстаннан бөліп алған кезде үш жыл бойына біздің жеріміз бен Башқұрстан, Татарстанның шектесетін аумағын Кеңес Одағы бізден жалға алған» дейді тарихшы.
Қазақстан жері Өзбекстанға өтіп кетті
Аққұлұлы сондай-ақ Қазақстанның жері Өзбекстанға өткенін де айтты.
«Одан кейін Қазақ автономиясының құрамында болған Қарақалпақ автономиясы 1930 жылы Ресейдің құрамына кірді де, 1936 жылы Өзбекстанға берілді. Ал 60 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының 4 ауданы беріліп, билік басына қайтып Димаш Қонаев келген соң, екі аудан қайтарылып алынды. Жалға берілді деп есептелген сол екеуі 92 жылы қайтарылуы керек еді» деді Сұлтанхан Аққұлұлы.
Ол жер үшін дауласуға тарихи факт бар екенін алға тартты.
«Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды – 1994 жылғы Украина мен Қазақстанның егемендігіне кепілдік беретін Будапешт келісімі мен 1991 жылғы жер дауламау туралы Алматы декларациясын ысырып қойсақ, онда біздің дауласуға толық тарихи негізіміз бар. Бірақ бұл дауласайық деген сөз емес, тек тарихи факт. Алайда жоғарыда аталған келісімдерді Ресейдің өзі көрші елдерге соғыс ашып, бұзып жатқанын көріп отырмыз. Владимир Путин өз тарихын бұрмалап «Ресей Кеңес одағы құрамындағы елдерге жер сыйға тартты» дейді. Ресей ешкімге жер сыйға тартқан жоқ. Керісінше, кезінде Беларусь басшысы Александр Лукашенконың айтқанындай Ресей шын тарихқа сүйенер болса, Батыс Сібір мен Қиыр Шығысты түгел Қазақстанға беріп қоюы керек еді. Бұл сөзді мен емес, славян ұлттарының бірінің басшысы Лукашенко айтқан» дейді тарихшы.