Сенатор Сәуле Айтпаева балалардың құқықтарын қорғау бойынша бейне қабылдау өткізді

0

Сенат депутаты, Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Ақмола облыстарындағы шағым берушілерді бейнебайланыс арқылы  қабылдады.

Шараға білім және ғылым, еңбек және әлеуметтік қорғау, ішкі істер, қоғамдық даму және денсаулық сақтау министрліктерінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтардан келіп түскен жиырмадан астам өтінішті қарады. Атап айтқанда, лайықты білім алу, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларды қамқорлыққа алу және оларға қорғанышы болу, денсаулықты қорғау, балалар үйінің түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, ата-аналары ажырасқан кезде балалардың тұратын орнын анықтау және ата-аналарымен араласу тәртібі және тағы басқа мәселелер көтерілді.

Барлық өтініштер бойынша оң шешім қабылданды. Сонымен қатар, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының әкімдіктеріне қажетті заң, оңалту және гуманитарлық көмек көрсету мәселелері бойынша үш бірдей арызданушыға көмек көрсету ұсынылды.

Бейнебайланыс барысында С.Айтпаева тұрғындар арасында тиісті ақпараттық-түсіндірме жұмысын өткізу, балалардың құқықтарын қорғау мен отбасылық мәселелердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және медициналық көмек көрсету қажеттілігіне жергілікті атқарушы органдардың назарын аударды.

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/