БҚО-да шенеунік ер адамды пышақтады деген күдікке ілінді
БҚО-да Ақжайық ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы 28 жастағы ер адамға пышақ жарақаттарын салды деген күдікке ілінді. Қазір зардап шеккен азаматтың жағдайын дәрігерлер тұрақты ауыр деп бағалады, деп хабарлайды kznews.kz сайты Мой Город басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 14 ақпанда болған. Түнгі уақытта Чапаев ауылындағы аудандық ауруханаға құрсақ бөліміндегі пышақ жарақатымен 28 жастағы ер адам түскен.
«Аталмыш деректен кейін Қылмыстық кодекстің 106-бабы, «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — делінген полиция хабарламасында.
Оқиғаға қатысы бар деген күдікке Ақжайық ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллин ілінген. Сол күні зардап шеккен ер адам шенеуніктің үйіне өзі барған. Алайда жанжалдың себебі әлі белгісіз.
Аудандық әкімдікттегілер Армат Хайруллиннің 17 ақпанға дейін жұмыс істегенін мәлімдеді.
«17 ақпанда ол өз еркімен жұмыстан кету жайлы арыз жазды. Мұның себебін отбасылық мәселелер деп атады», — деді Ақжайық ауданының әкімдігіндегілер.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінде зардап шеккен ер адамның жағдайы тұрақты ауыр екенін айтты. Ол құрсақ және кеуде бөлімінен пышақ жарақатын алған. Ер адамға ота жасалып, облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда көпбалалы ананы пышақтап өлтірген ер адам 10 жылға сотталған еді.