Телефонсыз қалам демесеңіз, IMEI-кодын тіркеуге асығыңыз

0
Телефоныңыздың IMEI-кодын тіркеп үлгеруіңізге 20 күн қалды. Үлгермесеңіз, байланыссыз қаласыз.

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда 12 млн абонентті ұялы байланыстан ажыратуы мүмкін. Олар – телефондарының IMEI-кодын тіркемеген.

Былтыр қабылданған «Байланыс жөніндегі» жаңа заңға сәйкес, 2019 жылдан бастап гаджеттері тіркелмеген абонентке қызмет көрсете алмайды. Яғни мобильді телефон адамның жеке мәліметтеріне енгізіледі.

«Қазіргі мәлімет бойынша, 26 млн тұтынушының 14 млн-ы ғана тіркеуден өткен. Бұл желтоқсан айындағы мәлімет. Бірнеше млн қазақстандық жаңа жыл түнінде жақындарын құттықтай алмайды деген сөз», – дейді Қазақстан парламенті депутаты Михаил Чирков.

Жыл басында шенеуніктер IMEI-кодты тіркеу ұялы телефондарды заңсыз сатумен күрестің бірден-бір жолы деп түсіндірген. Биылдың өзінде 40 мың телефон ұрланған екен. Мұндай қылмыстың ашылуы 5 пайыз ғана.

Полиция болжамы бойынша, IMEI-код тіркелген жағдайда, егер SIM-карта ауыстырылатын болса, телефон жұмыс істемейді, мұндай кезде ұрланған телефонды табу оңай.

Ал ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев телефон тіркелсе талайдан бері қолданылмаған телефон нөмірлері жойылатынын айтады.

«Бізде ұялы байланыс абоненттерінің саны халық санынан 10 миллионға асып кетеді — 26 миллион абонент, ал халық саны — 18 миллион адам. Яғни, бірнеше телефон мен SIM-карта ұстап жүрген адамдар бар. Қазір тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз, барлық байланыс операторлары бойынша мәліметтер бар»,- деді Абаев.