Жолшылар жол көрсетті
Алматы облысында жоғары немесе кәсіби білім алмаған 50 мыңнан астам жас бар. Олардың 21 мыңы жұмыссыз жүр екен. Бұл туралы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі мәлімдеді. Қанат Бозымбаевтың сөзінше дәл осы жұмыссыздық пен табыстың аздығы «Қаңтар қасіретіне» ұрындырған.
Өйткені мектеп бітірген түлектердің көбі тиісті оқу орнына түсе алмай, бос сандалып қалады. Ал арнаулы білімі жоқтарды еш жерге жұмысқа алмайтыны анық. Облыстағы жұмыссыздық мәселесін шешуге «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» мамандары да мүдделі. Өйткені елімізде жол саласының қызметкерлеріне сұраныс көп. Бірақ маман жоқ. Жастардың бәрі заңгер немесе банкир болғысы келеді. Сондықтан «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» мамандары облыс көлеміндегі мектептерді аралап, мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру жұмысын қолға алды. Қазірдің өзінде орталықтың инженер, зертхана қызметкерлері аудандардағы оншақты білім ошағына барып, 50-ге жуық мектеп оқушыларымен зум жүйесі арқылы кездесу өткізді. Жамбыл, Қарасай және Іле аудандарындағы оқушыларға жол саласы туралы жан-жақты мағлұмат берілді. Бұл мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауға мол мүмкіндік береді. Өйткені үлкен өмірге енді ғана қадам басатын жастар өз икеміне қарай белгілі бір саланы меңгеруі тиіс. Сондықтан кездесу барысында қыз-жігіттер өте белсенді болды. Жол саласының маманы болу үшін қай пәндерді тереңдетіп оқу керектігін, қызметкерлердің айлығы, жұмыстың қызығы мен шыжығы туралы сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, жыл соңына дейін Алматы облысындағы екі мыңнан астап оқушымен кездесу өткізу жоспарлануда.