Арқасына үтік басылған талдықорғандық азаматтың ісінен президент хабардар ма
Мемлекет басшысы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының эфирінен берілген сұхбатында қаңтар оқиғасынан кейін әлеуметтік желіде көптеп тараған азаматтарды азаптау фактілеріне қатысты пікірін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев арқасына үтік басылған талдықорғандық Азамат Батырбаев есімді жігіт туралы хабардар екенін жеткізді. «Бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды», — деді ол.
Мемлекет басшысы бұл істің заңдылығын тексеруді белгілі құқық қорғаушылар қолға алғанын жеткізді. Сондай-ақ, Тоқаев олардың жұмысына араласпайтынын атап өтті. «Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын», — деді ол телеарнаға берген сұхбатында.
Президенттің сөзінше, әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. «Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.