Әжетхананың орнына шелек қойып қойған: Солтүстік Қазақстанда оқушылар адам шошырлық мектепте оқып жүр
Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде оқушылар қабырғалары мен төбесін мүк басқан, едендері шіріген білім ордасында оқуға мәжбүр. Білім ордасында тіпті жуынатын бөлме жоқ. Оның орнына шелек қолдануға мәжбүр көрінеді, деп хабарлайды кznews.kz сайты Астана арнасына сілтеме жасап.
Ақжар ауданы Кіші-Қараой ауылындағы Киев орта мектебінде 72 оқушы және шағын орталықтың 15 тәрбиеленушісі білім алуда. Олардың ата-аналары көктемнің келуін асыға күтпейді. Өйткені, мектеп еріген қар суының астында қалады.
«Мектептің жағдайы нашар. Мұны спорт залы, акт залы, мұғалімдер бөлмесі және өзін-өзі тану кабинеті сияқты бөлмелерден байқауға болады. Ол жерлерде шатырдан су кетеді. Төбесі және қабырғаларынан су өткендіктен, мүк қаптап кеткен. Онымен қоса еденнің тақтайлары шіріп кеткен», — деді Ақжар ауданының тұрғыны Әсел Молкоедова.
Ең қолайсызы жуынатын орын жоқ. Оның орнына шелек қойып қояды екен.
Жергілікті тұрғындар 44 жыл ішінде мекемеде бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмегенін айтады. Білім басқармасының хабарлауынша, жыл сайын мектептің шатырындағы тесіктер бітеледі екен. Ал ғимаратты жөндеу үшін 250 млн теңге қажет болады.
«Бұған дейін бірнеше рет мектеп шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ өкінішке орай бұл нәтиже бермеді. Өткен жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазір біз осы мектепті жөндетуге қаражат бөлу үшін қосымша өтінім бердік. Негізінде мұндай жағдайды болдырмауымыз керек. Балалардың қауіпсіздігі бәрінен жоғары», – деді Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Нәзір Жашибеков.
СҚО Білім басқармасы соңғы үш жылда жалпы сомасы 14 млрд теңгеге 302 мектеп жөнделгенін атап өтті. Биыл 25 білім беру нысанына жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар еліміздің солтүстігінде 39 мектепке күрделі жөндеу қажет.