Соңғы уақытта Назарбаев университетке қатысты алыпқашпа әңгіме көбейді. Жуырда әлеуметтік желіде Арман Жекенов дейтін азамат Назарбаев университетінде шетелдік оқытушылардың жылына 250-300 мың АҚШ долларын көлемінде еңбекақы алатынын, оқу орнын жемқорлық жайлағанын жазған.
Бұл туралы kznews.kz сайты хабарлайды Nege.kz порталына сілтеме жасап.
Арман Жекеновтың бұл айыптауы қаншалықты рас? Жалпы шетелдік және жергілікті оқытушылардың жалақысында қандай айырмашылық бар? Осы және өзге де сұрақтарды Nege.kz тілшісі «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті Шигео Катсуға қойған еді.
Университетте алаяқ оқытушылар бар ма?
– Арман Жекеновтың айтуынша, «шетелдік оқытушылардың жылына 250-300 мың АҚШ долларын көлемінде еңбекақы алады, университет басшылығы сыбайлас жемқорлыққа барады, АҚШ-та түрлі себептермен жұмыстан шығарылған алаяқ оқытушыларды шақырады» екен. Бұл қаншалықты рас? Жалпы шетелдік және жергілікті оқытушылардың жалақысында қандай айырмашылық бар?
– Біріншіден, Назарбаев университеті – халықаралық жоғары оқу орны. Сондықтан да басқа елдерден профессорлар шақыру үшін халықаралық университеттердің деңгейіне сәйкес жалақы төленуі керек. Бірақ Арман Жекеновтың әлеуметтік желіде жариялаған сөзі дұрыс емес.
Фото: әлеуметтік желіден.
Өйткені шетелдік және осы елдің оқытушыларының жалақасында ешқандай айырмашылық жоқ.
Білікті профессорларды шетелден шақырғандықтан оларға пәтерақы төленеді. Екіншіден, олардың халықаралық статусына байланысты қосымша қаржы төленеді. Үшіншіден, ол азаматтардың балалары болса, оларды халықаралық мектепте оқыту үшін қаржылай көмек көрсетіледі. Төртіншіден, отбасыларын шетелден Қазақстанға көшіріп алу үшін тағы да қаржы беріледі.
Әйтсе де, оқытушылардың алатын жалақыларында ешқандай айырмашылық жоқ.
Мысалы біз Қазақстаннан шыққан талантты азаматтарды елге келіп, қызмет көрсетуге жәрдемдесіп, жағдай жасап жатырмыз. Яғни шетелде өзінің біліктілігін көрсеткен жас мамандарды елге шақырып, оларға мүмкіндік береміз. Жалпы біздің жалақымыз халықаралық универсиеттердің оқытушыларының алатын еңбекақысымен бірдей болуы керек. Егер жалақы бірдей болмаса, қазақ азаматтары отанына келіп, қызмет етпес еді.
Фото: Назарбаев Университет
Провост бастауымен универсиететте постдокторантураға арналған бағдарлама бар. Аталған бағдарлама арқылы шетелде оқыған доктаранттарды Назарбаев университетінде дәріс беруге шақырып жатырмыз. Қазір университетте аталған доктаранттар өздерінің зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы бағдарламаның арқасында Кембридж университетнің доктарантурасын тәмамдап, Гүлмира Қанай есімді маман келген болатын. Қазіргі таңда ол Қыздар университетінің ректоры болып тағайындалды.
Демек, бұл бағдарлама тек қана Назарбаев университетіне ғана емес, сонымен қатар жалпы Қазақстанның ғылым саласына септігін тигізіп жатыр. Осы бағдарламаның арқасында қазақтың талантты жастары шетелде қалмай, елге келіп қызмет етуде. Мәселен Назарбаев универсиеті ашылған алғашқы 2010 жылдары қазақстандық профессорлардың үлес салмағы 10 пайыз ғана болатын. Қазіргі таңда PhD ғылым докторларының үлес салмағы 30 пайыздан асты.
– Қажетті мамандармен қатар репутациясы күмәнді азаматтар келуі мүмкін бе?
– «Университетке шетелдің алаяқ оқытушыларын шақырады» деген сөзге келсек, мен оны үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Өйткені әрбір профессордың орындары үшін ашық конкурс жарияланады. Ол орындарға бүкіл әлем бойынша мамандар іріктелетінін ерекше айтып өткім келеді. Оқытушылар бірнеше этаптан тұратын өте қатаң сынақтан өтеді.
Бірінші – факультетішілік, екінші – университет тарапынан сынақтан өтеді. Ал үшіншіден, оның қылмыс жасаған-жасамағанын жан-жақты анықтап, қызметке қабылдаймыз.
Сондықтан да «Назарбаев университетінде жемқорлар мен алаяқтар жиналған» деген ақпарат жалған. Студенттер мен профессорларға арналған тәртіптік комитет жұмыс істейді. Егер оқытушы қандайда бір ережені бұзса, аталған комиетте қарастырылып шешіледі. Сол секілді студенттер де өзінің әрекетіне байланысты жауап береді.
«Жалған құжат жасату дерегін тексереміз»
– «Университет студенттері ресейлік «Спутник» вакцинасын салдырғандықтан, оқу бағдарламасы бойынша АҚШ-қа барып тағылымдамадан өте алмады, сол үшін жалған құжат жасатты» деген айыптауға қатысты не айтасыз?
– Түсінбедім. Мен мұндай ақпаратты білмеймін.
– Бұл жөнінде бизнес мектептің деканы Патрик Дюпарк хабардар екен.
Патрик Дюпарк. Фото: Назарбаев Университет.
– Өкінішке қарай, «Спутник» вакцинасын АҚШ-тың қабылдау-қабылдамауын Назарбаев университеті шеше алмайды. Бұл мәселені екі елдің Денсаулық сақтау министрлігі қарастырады. Егер бізде мүмкіндік болса, студенттерімізді шетелге жіберетін едік. Өздеріңіз білесіздер, «Спутник» вакцинасын АҚШ тарапы қабылдамай жатыр. Сондықтан бұл мәселені шешу біздің университеттің құзырына кірмейді.
Шыны керек, «жалған құжат» мәселесін бірінші рет естіп тұрмын. Сондықтан бизнес мектептің деканы Патрик Дюпаркпен бұл мәселені талқылайтын боламын.
Осыған байланысты ішкі тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Егер жалған вакцинация құжатын қолдан жасаған студент анықталатын болса, ол оқудан шығарылады.
Шигео Катсу Мәсімовпен не туралы сөйлесті?
– Жұрт арасында универсиетті сіз емес Арманжан Жұмажанов пен Әсемгүл Каленова басқарады деген әңгіме бар. Осыған не айтасыз?
– Бұл жақсы қалжың екен (Күлді).
– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов университетке қанша рет және не үшін келді? Сізді барлық күрделі мәселе бойынша Мәсімовпен ақылдасады деген сөз қаншалық рас?
– Кәрім Мәсімов біздің университеттің қамқоршылық кеңесінің төрағасы болатын. Сондықтан да ол жұмыс бабымен осында келіп тұратын. Университеттің тыныс-тіршілігіне қатысты сөйлесіп, ақылдасып отырдық.
– Назарбаев университетіне экс-президент ерекше көңіл бөлгені белгілі. Алайда «Қаңтар трагедиясынан» кейін Назарбаев биліктен басыбүтін кетті. Енді Назарбаев университетінің болашағы қандай болады?
Фото: Назарбаев Университет
– Жақсы! Керемет сұрақ! (Бұл сөздерді қазақ тілінде айтып, рахаттана күлді). Әу баста университет ашылғанда тек қана білім беруге бағытталмаған еді, яғни болашақ Қазақ елінің көшбасшыларын даярлауға арналған болатын. Сондықтан университет өз жұмысын жалғастыра береді.
Бұл университетке Назарбаевтың бұйрығы немесе ұсынысымен маған ешкім хабарласқан емес.
Бұл университетке тек қана біліммен ғана студенттер қабылданады. Экс-президент бізге мына студентті қабылдаңыз деп бірде бір рет айтқан емес.
«Жекенов оқудан қуылған»
– Арман Жекенов әлеуметтік желіде сіз туралы «ол шетелде, Қазақстанға келуге қорқып отыр» деп жазды…
– Көріп отырғаныңыздай, мен Қазақстандамын.
– Жаңа жылда қайда болдыңыз?
Арман Жексенов. Фото: әлеуметтік желіден
– Туған жерімде – Жапонияда болдым. Қазақстанға 9 күн бұрын келдім. Арман Жекеновке келетін болсам, оның әлеуметтік желідегі жазбасынан хабардармын. Ол біздің бизнес мектепте оқыды. Оқу кезінде жеке басының қиыншылықтары болды. Менің ойымша, оқу кезінде қиындықтарға тап болған секілді.
Мысалы ол өзіне тиісті тапсырмаларды орындау барысында басқа студенттердің жұмысын қолданған немесе көшіріп алған. Мұндай оқиға екі рет болды. Университеттің ережелеріне сәйкес, мұндай жағдайда студент оқудан шығарылады. Сондықтан ол дипломды алмай, оқудан шығып кетті.
Осыны бұқаралық ақпарат құралдары ескеруі керек. Ол өзінің қателігін түсінбей, керісінше, университетке деген өкпе-ренішін әлеуметтік желіде жазып жүр. Оған қатысты 2021 жылдың қараша айында бір қаулы болды. Содан кейін ол желтоқсан айының 8-і күні ресми түрде оқудан шығарылды.
Оқуға түспес бұрын әрбір студент адалдық кодексіне қол қояды. «Онда оқу барысында барлық тапсырмаларды өзім орындаймын» деген секілді келісім-шарт жасалған. Бір сөзбен айтқанда, әр студент адалдық кодесі алдында жауапты.
Қаралым саны: 138