Талғар агробизнес және менеджмент колледжі 100 жылдығын атап өтті
Колледждің жүз жылдық мерейтойына орай «Өткені – тарих, бүгіні – кемел, болашағы – жарқын!» тақырыбында салтанатты кеш өтіп, Мәсімхан Бейсебаевқа мүсіні ашылды. Мерейтой қонақтары заманауи жабдықталған колледж аудиторияларын аралап, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
Салтанатты жиында сөз алған Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатбаев, Алматы облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Салтанат Досматова, Алматы облысы Білім басқармасының басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова колледждің білім беру саласындағы атқарып жатқан сүбелі істеріне баға беріп, колледж ұстаздарына Алғыс хат табыс етті.
Колледж директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық Машина жасау және көлік ғылым Академиясының академигі Жақсылық Сатылғановтың айтуынша, ғасырлық тарихы бар білім ордасы 1918 жылы қазан айында Верный қаласында кең профильді агрономдар дайындайтын Жетісу орта ауылшаруашылық училищесі болып құрылған әрі ең алғаш 22 тәлімгер қабылданған колледж 100 жылдық тарихында ауыл шаруашылық саласына отыз мыңнан астам мамандар даярлаған. Осы орайда еңбек жолы колледж тарихымен тікелей байланысты тұлғалардың есімдерін айта кеткен абзал.
Ұлы Отан Соғысының ардагері, 1933-1936 жылдары осы техникумның директоры, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Мәсімхан Бейсебаевтан бастап, Ұлы Отан Соғысының ардагері, тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА вице-президенті, 1932-1933 жылдарда Алматы ауылшаруашылық техникумының директоры болған Ақай Нүсіпбеков, Жетісу өңіріндегі ауылшаруашылық аудандарының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері , облыстық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы болған Заманбек Батталханов, Ұлы Отан Соғысының ардагері, ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің иегері Ахмет Қалдыбаев, ВАСХНИИЛ академигі, Социалистік Еңбек Ері Қасым Асанов, Социалистік Еңбек Ерлері: Қапиз Әбдіғұлов, Жолсейіт Молдасанов, Ыдырыс Әбдіғұлов және Сергей Бурдиннің есімі республика жұртшылығына танымал десек, Ыдырыс Сүлейменов, Сырым Қасымов, Тұрсын Қалмақбаев, Бейбіт Ерубаев, Владислав Кухарский, Андрей Кухарский, Владимир Габрильян, Мамед Махмутов, Мария Андаржанова, Александр Волчек, Татьяна Кряжева, Қарлығаш Сарманова, Гүлнар Қаңтарбаева, Адайбек Тоғабаев, Ерғали Магрупов, Найля Үмбетова, Жарылкасым Шакиев, Лаура Рахманкулова сынды тұлғалардың еңбегі өз алдына мақтаныш туғызады.
Талғар агробизнес және менеджмент колледжі еліміздің ең байырғы оқу орны ретінде Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енген. Агроөнекәсіп кешеніне мамандарды дайындаудағы үлесі үшін Ресейдің М.Ломоносов орденімен марапатталған. «Нұр Отан» партиясы тарапынан ҚР техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің 70 жылдық мерейтойына орай «Аграрлы өнеркәсіп кешенін дамыту» номинациясының және «Ы.Алтынсарин атындағы ҚР білім беру қызметкелерінің Бірлестігі» Республикалық қоғам ұйымының 2-ші, 2017 жылдың Білім беру көшбасшысы атты 2-дәрежелі, «Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылым академиясы» Қоғамдық қоры атынан ұйымдастырылған «Білім беру саласындағы көшбасшы -2017» ұлттық сыйлықтарының иегері атануы салаға қосқан колледж ұжымының зор жетістігі. Ал Алматы облыстық «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» байқауындағы III дәрежелі дипломы, «Фермер-Фермеру» бағдарламасын дамыту бойынша жобаға қосқан үлесі үшін Winrock International компаниясының алғыс хаты, биылғы жылы Алматы облысының әкімі Амандық Батталовтың «Ауыл шаруашылық мамандарын даярлаудағы жетістіктері үшін ауылшаруашылық саласының үздік оқу орны» бойынша Құрмет грамотасымен марапатталуы және тағы басқа марапаттары үздіксіз ізденіс пен еңбектің жемісі.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/