«Мұндай қауіп-қатерді елемеуге болмайды»: Қарин «Қаңтар оқиғасына» қатысты БАҚ-та айтылмаған дерек туралы айтты

0

Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин «Қаңтар оқиғасы» кезінде ғаламтордың бұғатталуының негізгі себептерінің бірін айтты. Бұл туралы ол «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өз сұхбатында Қарин отандық БАҚ-та таратылмаған тың ақпаратты бөлісті. «Ақпарат құралдары білмейтін тағы бір жағдай бар. Шабуылдар толқын-толқынымен өрбіп жатқан уақытта шетелдердегі ірі террористік топтардағы қазақстандық радикалды тұлғалар арнайы видеоүнделер жазып, елдегі өздерінің жақтастарына тарату әрекеттерін жасады. Ол бірден бұғатталды, елде ғаламтордың өшірілуінің бірден-бір себебі осы болды. Егер ол бейнеүндеулер сол күндері тараған болса, түрлі радикалдық топтар жоспарланған шабуылдарға көшетін еді. Мұндай қауіп-қатерді елемеуге болмайды», — деді Ерлан Қарин.

Одан бөлек мемлекеттік хатшы қаңтарда орын алған оқиғалардың Қазақстанның беделіне қалай әсер еткеніне де тоқталды. Айтуынша, бұл оқиға Қазақстанның сыртқы имиджіне қатты нұқсан келтірді деуге келмейді. «Халықаралық аренада Қазақстанның тұрақты бейнесі қалыптасқан. Шетелдік сарапшылардың көпшілігі Қазақстанның қысқа мерзімде жағдайды тұрақтандырғанын жоғары бағалап отыр. Керісінше, бұл оқиғалар Қазақстан мемлекетінің қабілетін, қоғамның ұйысып, бірлігін сақтап отырғанын көрсететінін айтады. Мұндай жағдай әрбір мемлекетте, әр елде болады», — деп атап өтті ол.