Президент халықтың әл-ауқатының төмендеуіне өзін кінәлады
Франция президенті халықтың әл-ауқатының төмендеп кетуін үкіметтен немесе халықтың өзінен көрген жоқ. Бар жауапкершілікті өз мойнына алды.
Президенті Эммануэль Макрон жаппай наразылық акцияларына байланысты теледидар арқылы мәлімдеме жасады. Халық алдында сөйлеген Макрон үкіметке бірнеше тапсырма берді. Алғашқысы, қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 100 еуроға көбейту, әрі қызмет уақытынан тыс жұмыс істегендерге салық салмау.
Сонымен қатар, президент төмен жалақы алатындар мен зейнеткерлерге салық салмағын салмауға уәде етті.
Макрон «сары жилеттегі» шерушілердің наразылығын ескеріп, француздардың әл-ауқатының төмендеп кетуінің жауапкершілігін өз мойнына алды. Алайда полицейлерге шабуыл жасағандарды қатаң сынады.
7 қарашадан бері француздар күндіз күлкіден, түнде тәтті тыныш ұйқыларынан айырылған. Бүкіл республиканы көтеріліс өрті шарпыды. Бір анығы – француздардың шыдамы шегіне жеткен. Бұл соңғы он жылдағы ең ауқымды халық наразылығы болғалы тұр. Шетелдік басылымдардың деректеріне сенсек, бүгінгі күні 110 адам жарақат алған. Оның 20-ы полиция қызметкерлері. 260 адам темір торға қамалыпты. Ақпаратты жеткізуді өзіне міндет еткен 12 журналист зардап шеккен.
Ал шерудің болу себебі халық «сабыр түбі – сары алтын» деуден жалықты. Осы уақытқа дейін көп нәрсеге көз жұмып келген француздар мемлекеттік саясатқа түсіністікпен қараудан шаршады. Жанармай бағасының көтерілуі жығылғанға жұдырық болды. Ашу мен ызаға булыққан француздар тұрғындарға қолайлы жағдай жасамайтын мемлекеттік саясатқа осылайша наразылық білдірді.