Қыз-келіншектер түсік тастататын қытайлық дәрілерден зардап шегуде (видео)
Жүктілікті болдырмайтын қытайлық дәрілердің кесірінен қазақстандық қыз-келіншектер зардап шегіп, ауруханаға түсіп жатыр. Түсік жасатуға арналған препараттарға тыйым болмағандықтан, нәзік жандар ешкімнің рұқсатынсыз қабылдап, ағзасын улауда. Қауіпті тауарды кеденнен биологиялық белсенді заттар ретінде өткізіп, елімізде заңсыз сауданың көрігін қыздырғандар заңмен де қудаланбайды. Аспанасты елінен әкелінген дәрі-дәрмек көбіне Алматыға жеткізіледі екен. Ал Астанадағы ахуал қандай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Үйленемін» деп құрғақ уәдені үйіп-төгіп, дегеніне жеткен соң тайқып шығатын ер адамдар көбейген бұл күнде. Астаналық мына бойжеткен сондай жауапкершіліктен жұрдай жігіттердің біріне алданған. Некелеспей жатып от басып, тығырыққа тірлеген ол соның күштеуімен құрсағына біткен баладан қытай дәрісін ішіп әп-сәтте құтылыпты.
«Ойламаған жерден аяғым ауыр болып қалды. Жігітім аборт жаса деп айтты. Бірақ келіскім келген жоқ. Қайдан алғанын білмеймін бірақ белгісіз бір қытайдың дәрісін алып келді. Сол дәрілерді енді амал жоқ қабылдадым» — дейді қала тұрғыны.
Жатырдағы бейкүнә шарананың өмірін бір-ақ сәтте үзетін дәрі дәріханаларда да бар. Алайда, рецептпен ғана босатылады.
Құрсағындағы шақалақ тұрмақ, өзін де аямайтын бұрымдылар арасында түсік жасайтын препараттарға сұраныс жоғары. Бірақ, оны дәріханадан ала алмағандар базарларды торуылдап табады.
Сатушының сөзінше, бұл дәрілер 2 айдан асқан жүктілікті жояды. Оны сатып алушылар да аз емес екен. Ал, кейде қытай препараты газеттегі жарнамалар, көшедегі хабарландырулар, тіпті емші-бақсылардан да табылатын көрінеді.
Қытай дәрісінің бізге қалай жеткізіліп жатқаны белгісіз. Алайда, мамандар олардың кеденнен контрабандалық жолмен жасырын өткізілетінін айтады. Статистикаға жүгінсек, былтыр елімізде 30 мың түсік тіркелген. Оның 5%-ын ғана дәрігерлер белгілі себептерге байланысты алдырып тастауға кеңес берген. Ал, көшедегі белгісіз біреудің қолынан алынған препаратпен түсік жасау аса қауіпті. Себебі, оның құрамында кеміргіштерге арналған улы қоспалар бар әрі олардың дозасы жоғары дейді мамандар.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, дүниежүзінде түсіктен көз жұмғандар 14 %-ды құрайды. Оның көбісі 20-ға толмаған бойжеткендер. Ал, түсік салдары жатыр жарақатына шалдықтырады. Еліміздегі бұндай науқастардың саны бүгінде 12500-ге жеткен. Қауіпті қытай дәрісін кеденнен кедергісіз өткізіп, талайдың тағдырына аяусыз балта шабатындар жазасыз қала ма?