Назарбаевтың өкілетін қысқарту туралы заңға Тоқаев қол қоюы мүмкін бе?

0

2 ақпанда мәжіліс бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін қысқартуды көздейтін заң жобасын мақұлдап, президентке жолдады, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.

Заңға өзгерістер күшіне енсе, Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі және Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойы басқару құқығынан айырылады. Бұған қоса, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамаларды Назарбаевпен келісіп отыру туралы деген норма «Тұңғыш президент туралы» заңнан алынып тасталады.

Бұған дейін сенат соңғы өзгерісті енгізіп, мәжіліске қайтарған еді.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен. Бірақ ол 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік басшысы ретінде билікке ықпал етіп отырған. Кейбір сарапшылар қаңтарда елде болған наразылық пен тәртіпсіздік Назарбаевтың ықпалын әлсіретті деп санайды.

Қаңтардағы жаппай наразылық кезінде Талдықорған қаласында Назарбаевтың ескерткішін құлатып, кей қалаларда оның есімі жазылған көшедегі жазуларды жойды. Қантөгістен кейін Қазақстан қоғамында экс-президенттің билікте отыз жыл билікте болған кезде жүргізген саясаты мен тамырын тереңге жіберген сыбайлас жемқорлықты айыптаған сын бұрынғыдан да күшейген.