Путин Бейжіңде Қазақстан президентімен кездесу мүмкіндігінен айырылды
Дмитрий Песков журналистерге Олимпиада ойындарының ашылуында енгізіліп жатқан санитарлық шектеулер Владимир Путиннің басқа қонақтармен, соның ішінде Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуіне мүмкіндік бермейтінін айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Оның айтуынша, ұйымдастырушылар «өте қатаң шектеулер» енгізген, «тіпті ашылу салтанатына келген қонақтардың қозғалысына да қатысты».
«Олардың бір-бірімен кездесуі өте қиын болады», — деді Кремль спикері.
Ол Путиннің Бейжіңде ешқандай кездесу жоспарлап отырмағанын айтты. Алайда Тоқаев «жақында» Ресейге барады деген хабар бар.
«Біз сапар ақпан айында болады деп күтеміз», — деді Песков.