Ел байлығын 162 адам иеленіп отыр дейміз. Алайда, тек 20 адам соның 40%-ын ұстап отыр

0

«Қаңтар қырғыны» қайғылы оқиғасынан кейін елде орын алып жатқан бірқатар өзгерістер барысында «Адырна» ұлттық порталы әр саладағы білікті мамандармен тілдесіп, пікірлерімен бөлісті. Бүгінгі кезекті сұхбат экономист, Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкім мырзамен болды.

-Елдегі дүрбелеңнен кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын көтеріп, бай мен кедей арасындағы алшақтықты жою мәселесін көтерді. Мәселе шешілу үшін қанша уақыт керек?

 -Әрине, ол дұрыс мәселе. Отыз жылдан бергі шешілмей тұрған әлеуметтік мәселені шешемін деп қолға алып жатыр. Бұл бір күнде, бір жылда шешіле қоятын нәрсе емес. Өмір бойы айналысатын мәселе. Осы әлеуметтік мәселе  әлемдегі ең озық Жапонияда да әркезде кемшілік тауып отырады. Ал бізге келетін болсақ, 2000 жылғы жарық көрген салық кодексінде халыққа берілетін барлық жеңілдіктер алынып тасталған. Соның салдарынан осындай жағдайға ұшырап отырмыз. Оны шешу үшін, алдымен, салық кодексін түгелдей қайта қарау керек.

Көп балалы аналар мен балаға берілетін жәрдемақыны, мүгедектерге, зейнеткерлерге, жалпы қоғамдағы жағдайы төмендерге жасалатын әлеуметтік көмек халықаралық деңгейде болуы қажет.

Ең алғашқы шешілетін мәселенің бірі, міне, осы. Көпбалалылар мен балаларға берілетін көмекті Ресей немесе Шығыс Еуропаның бағасымен теңдестіру керек.

-Президент халықтың тең жартысы 50 мың теңге алады деді. Ендігі таңда аталмыш мәселені қалай реттеп, қалай орта тапты қалыптастыруға болады?

-Медицина саласындағы медбикелер, санитар қызметкерлерінің, мұғалімдердің де жалақысы төмен. Сондықтан, әрине, жағдай жасау керек. Елу мың теңгеге отбасын асырау мүмкін емес.

Бұл мәселені шешу үшін орта таптың яғни, мұғалім, инженер, дәрігер, ғалымдар қоғамды алға жылжытатын жандардың жалақысын көтеру керек. Осы үрдіс Батыста да Шығыста да қолданылады.

Орта таптың үлесі, олардан түсетін салықтың жалпы елдегі салықтың 50 %-ын құраса ел дамушы елдің қатарына қосылады. Себебі мұнай айналасында жүргендердің, олигархтардың елге көп пайдасы болмайды.

Ал қазіргі таңда бізге орта тапты қалыптастыру — дамушы елдердің қатарына қосылудың басты шарты. Сондықтан, мұғалім, инженер, дәрігер, ғалымдардың табысын міндетті түрде көбейту керек.

Ататүріктің кезінде мұғалім мен дәрігердің жалақысы депутаттармен бірдей болуы керек дейді. Осындай мақұлдаумен табысты көтерсе, халықың тұрмысы жақсарады.

Мұның бәрі бюджеттегі қаржыны реттеуге байланысты. Бізде әр келген министр өзінің бір ойына келген реформаларын жасайды, ешқандай кординация жоқ. Коррупция деген осыдан шығады. Бюджеттен ақшаны түсіріп алады, ұрлайды, жырлайды. Оны кейін үш жылдан кейін тексереді. Мұндай жүйе керек емес.

Қаржы министрлігі дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Қаржылық жүйені реттеу керек. Қазіргі жүйе экономиканы құлдыратудың жолы.

-Егер халық табысын бірден көтерсе, мемлекетке қандайда бір шығын келе ме?

-Бюджетті жан-жақтан тонап, қазір бюджетте қаржы жоқ. Ұлттық қорда 91 млрд доллар ақша бар. Ұлттық қордағыны тиімді пайдалану керек. Ұлттық қордың маңыздылығы да жаңа реформа жасау кезінде білінеді, елдің экономикасын жақсартуға керек.

Ал оны АҚШ-қа апарып салып тастады, 21 млрд-ты тұтқындап тастады. Оданда осы 91 млрд долларды өз банкімізде сақтайық. Біз бірақ өз банкімізге сенбейміз. Ал егер сол млрдтар өзіміздің айналымда жүрсе, көп қаржы келтіреді.

Үкімет біріншіден осы мүмкідікті пайдалана алмай отыр. Екіншіден, қарыз алады. Осы жақында ғана Қытайдан 1 млрд жарым доллар қарыз алды. Қарызданғанша қордағы қаржыны пайдаланып үйренуіміз керек.

Қазақстан Альянс қауымдастығы елдің тұрмысын жақсарту бағытында 2017 жылы 1 миллион 760 мың адамға жер беруге тізім беріп, бюджеттен өткіздік.

2016 жылы тізімге кірмей қалған жастарға деп 2 миллион адамға 2025 жылға дейін үй салып беруге бюджетке кіргіздік.

Кейін ковидке қатысты дағдарыс келе жатыр деп 2020 жылдың мамыр айында тізім беріп, 4 миллион Қазақстан азаматына жер беру керек. Бірақ оны әлі үкімет шешпей отыр.

Шетелдік компаниялар Қазақстан экономикасының 80%-ын ұстап отыр, бірақ сол жерде қызмет ететін қазақ азаматтарының табысы шетелдіктерге қарағанда 5-6 есеге төмен. Неге? Оның да шешімі жоқ болып тұр.

Осы мәселені шешсін, немесе кетсін. Әр отбасының әл-ауқатынан ел ауқаты анықталады емес пе?

Министрлер де, әкімдер де ұрлықтан басқа ештеңемен айналысқан жоқ. Қазақстанның ұрланған барлық ақшасын қайтару керек.

Жалпы бізде резерв бар ғой, соны тиімді пайдалану қажет. Үкімет ойлану керек. Әр министрлік өз міндетін атқару керек. Олар өздерінің ондаған кәсіпорындарын ашып алмай, елдің жағдайымен айналысса бәрі түзеледі. Бізде қаржы да бар, бәрі де бар, тек соның бәрін дұрыс бағыттау керек.

-“Қазақстан халқына” қоры туралы қандай пікірдесіз?

-«Қазақстан халқына» қоры уақытша жасалған дүние. Елді алдарқатып, кәсіпкерлерден түскен қаржыдан отбасы жағдайларын реттеп, бөліп берейік деген ниетте жасалған. Бұл мәселені шешетін жол емес. Экономиканы да көтермейді. Халыққа көмек берейін деген ниетте ашылған қор. Әрине, біраз көмегін тигізер, оны енді уақыт көрсетеді.

Мына біздің халықаралық адам институты 2010-2011 жылдары былай деп жазды:

Үкіметтің онжылдық бағдарламарын сараптағаннан кейін, 2018-2019 жылдары Қазақстан экономикасы стагнацияға ұшырайды, 2020 жылы дағдарысқа ұшырайды деді.

Оны біз Алматы экономикалық форумда да айттық. Ендігі мәселе неде? Сол айтылғандардың бәрі келіп тұр. Қазір экономика дағдарыста. Тек экономика ғана емес, әлеуметтік, саяси дағдарыс та бар. Саяси дағдарыс ол авторитарлық режим. Құлайтын уақытына жетті. Құлады. Енді әрмен қарай Жаңа Қазақстанды демократиялық жолға қойған өркениетті қоғам құру үшін жұмыстануымыз керек.

-Ел байлығының тең жартысы 162 адамға ғана тиесілі деді. Қазақстан қазір экономикалық дағдарыс кезеңінде ме?

Ел байлығын 162 адам иеленді деп шындықты айтқан да дұрыс. Алайда, тек 20 адам соның 40%-ын ұстап отыр.

-Жаңа экономикалық модель қалай жасалуы тиіс?

 -Жаңа экономикалық модель негізгі екі бағыттан тұруы керек:

Біріншіден, банк жүйесін түзету керек. Банктердің барлығының басшысы Назарбаев немесе соның айналасындағылар. Оны Сингапурдағыдай өзгерту керек. Сингапурда 122 банк бар. Оның 117-сі шетелдік банктер. Біздің банктердің беретін несиесі 22-27%. Ал шетелдік банктерде ол орташа есеппен 3-4 %-ға түсіп кетеді. Яғни шағын, орта бизнесті дамытуға мүмкіндік сонда ғана болмақ. Біздің банк елді тұншықтырып отыр. Олар осы кезеңде жүздеген млрд пайда көрсе, халық кедейленіп отыр.

Елдегі экономикалық модель ең бастысы — адам капиталын дамыту. Білім саласын дамыту, яғни адам өмір бойы оқу керек. Білімді адамдар сол алған білімін капиталға айналдыруы керек. Мысалы, адамның алған білімі ұялы телефон шығаратын капиталға айналуы керек. Барлық еңбек капитал болуы тиіс. Адам капиталы дегеніміз осы.

Жапонияда, мысалы, адамдар жылына жүз кітап оқиды, ал Еуропада 50-60 кітап, Азияда бір кітап. Тұрмыстары да соған сай. Адам капиталы – білім, ғылым, технология, инновация.

Екінші бағыт — медицина. Яғни, дені сау адам елге пайдасы тиер адам. Салық түсіреді, еңбек етеді. Ал ауру адамнан пайда жоқ, керісінше үкіметтен қаржы алады. Сондықтан қоғамға дені сау адам қажет. Суицид бойынша әлемде 3-4 орында тұрмыз. Жүрек, диабет, онкология ауруы бойынша да алдыңғы қатардамыз.

Келесі, адамдардың еңбегін арттыру, өмір ұзақтылығы. Қазақстандықтардың орташа жасы 2012 жылғы есеп бойынша қырғыздардан жарты жасқа, өзбектерден бір жасқа, ауғандардан бір жарым жасқа төмен екен.

Экономиканы дамыту дегеніміз жалпы адамның ойын өзгерту, адам капиталын қалыптастыру. Адам капиталы мен жалпы инновацияны дамытсақ, жылына орташа есеппен 30 % өсім береді. Үш жылда бюджетті екі есеге өсіреді.

Осы аталған дүниелердің барлығы басты шешілу керек мәселелер.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!