«Қаңтар оқиғасы»: Құқық қорғау бойынша Абзал Құспан бастаған комиссия жұмысын бастады

0

22 қаңтар оқиғаларына байланысты негізсіз қудалауға ұшырап жатқан азаматтардың құқығын қорғап, бостандыққа шығару мақсатында құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясы жұмысын бастады, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Комиссияның мақсаты: Қаңтар оқиғасы кезінде болған жағдайларға байланысты бүгінгі күні қудалаушылық көріп, тергеуде жүрген азаматтар арасынан қылмыстық пиғылы болмаған немесе осы жағдайға кездейсоқ тап болған, тек бейбіт шеруге шыққандарды анықтап, олардың жазықсыз жапа шекпеуі үшін мейлінше көмек беріп, қылмыстық қудалаушылық қысымнан алып шығу.

Қаңтар оқиғасы кезінде ғимараттардың өртенгені, қиратылып, тонауға ұшырағаны, адам шығыны болғаны бұлжымас факт. Осы орайда қарапайым халықты пайдаланып, арам пиғылдарын іске асырмақ болған қылмыстық топ немесе экстремистер анықталып, тиісті жазасын алуы керек деп санаймыз. Ал біз құрған комиссияның мақсаты осы қанды оқиға барысында бейбіт шеруге шыққан адал ниетті азаматтар мен арам пиғылды қаскөйлердің ара жігін ажырату. Жазықсыз жандардың жапа шекпеуіне, қудаланбауына, заңмен қорғалуына барынша көмек көрсету. Үйінде алаңдап күтіп отырған бала-шағасымен, ата-анасымен, жан-жарымен аман-есен қауышуына жәрдем беру.

Комиссия құрамында барлығы 8 адам. Оның төртеуі кәсіби адвокат, бір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, бір ұлттық қоғамдық кеңестің мүшесі, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің бір-бір өкілі.

Комиссияның құрылуына байланысты құқық қорғаушыларды, қоғам белсенділерін, БАҚ өкілдері мен барша азаматтарды осы игі іс төңірегінде бірігуге, маңызды жұмысқа жұмыла атсалысуға шақырамыз!

Құрметпен А.Т.Құспан