«Самұрық-Қазына» басшысы Тоқаевтың сынына жауап берді

0

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін, жауап ретінде жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

«Бүгін ел басшылығының саяси тілегі арқасында «Самұрық-Қазына» қорында қоғамда белсенді талқыланып жатқан реформаларды жүзеге асырудың бірегей мүмкіндігі пайда болды. Біз реформалау бағдарламасы жобасына сындарлы ұсыныстарын бөлісуге дайын барлық адаммен диалог жүргіземіз», — деп жазды ол.

Оның айтуынша, жақын арада бұл жоспарлар ашық дереккөздерде және корпоративтік сайтта жарияланады. Сондай-ақ, ол компания барлық сұраққа жауап беруге дайын екенін жазды.

«Ашықтық пен есептілік, бизнес үшін кедергілерді жою, әлеуметтік жауапкершілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес базалық қағидаттар ретінде айқындалды. Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлттық байлықты әділ бөлу элементі ретінде қор активтерін иеленуге тікелей қатысу мүмкіндігі болуы мүмкін», — Алмасадам Сәтқалиев.

Сәтқалиев ел экономикасындағы түйінді проблемаларды шешу мақсатында бизнес-процестерді және қор компаниялары тобындағы корпоративтік басқару практикасын реформалауға, мұнай, газ, көмір, теміржол көлігі, электр энергетикасы және телекоммуникация нарықтарындағы өзара қарым-қатынастар құрылымын өзгертуге бағытталған бірқатар теңдессіз шараны ұсынатынын мәлімдеді.

«Біз сатып алу жүйесін түбегейлі қайта қарап, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейтуге ниеттіміз. Бұл мәселелер бизнес-қоғамдастықпен 26 қаңтар, сәрсенбіде әлеуметтік желілерде онлайн-трансляция арқылы ашық диалог форматында талқыланады. Бағдарлама бекітілген жағдайда, мен оның табысты енгізілуін және орындалуын қамтамасыз етуге дайынмын. Сізден корпоративтік мекенжайымызға ұсыныстарды күтеміз — usynys@sk.kz», — деп жазды ол.