Үкімет басы Әлихан Смайылов реформа жасайды дегенге кім сенеді?
Президент екі сөзінің бірінде реформа, реформа деп жатыр. Бірақ оны жасайтын мына Үкіметте саяси жігері күшті реформаторлар бар ма?
Мәселен, Үкімет басы Әлихан Смайылов реформа жасайды дегенге кім сенеді? Бұған дейінгі қызметтерінің бірінде ол ел статистикасымен айналысыпты. Яғни елге өтірік таратудың басы-қасында болып, жалған сөйлеуге әбден шыңдалған шенеуніктің нақ өзі. Ертең бұл Үкімбасы құшақ-құшақ өтіріктермен тағы да аузымызды ұрмасына кім кепіл?
Самұрық-қазынаны реформалау да миға симайды. Бұл мекеме елді сүліктей сорған еліміздегі ең ірі жемқорлар ордасы екені бәрімізге мағлұм. Мұны Президенттің уақыт созбай таратқаны абзал. Қазір облыстардың бюджетіне өз аумағындағы өндіріс орындарынан көк тиын қаржы түспейтіні белгілі. Өйткені барлығын Самұрық-қазына сыпырып, сиырып алып қояды. Самұрық-қазынаға қаржының кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ, айдаһар тәрізді қылғып жұта беретін бір жұтқын пәле.
Сондықтан Самұрық-қазынаны ел экономикасына тиімсіз құрылым ретінде түп орнымен тып-типыл жойып, облыстарды баяғыдай өз бюджетіне ие қылған жөн.
Сосын нағыз реформа жасайтын орган – полиция. Мұны түбегейлі жаңарту керек.
Қаңтар дүрбелеңінде полицияның НКВД-лік инстингі оянғанын көрдік. Қанның исін сезгенде құтырып кететін аш қасқырлар сияқты мына күндері халыққа айуандықтың небір түрін көрсетіп жатқан мұндай полицияның барынан – жоғы. Мұндай полициямен келешекте құқықтық мемлекет құра алмаймыз.
Негізі күштік құрылымдардың барлығын – ҰҚК-нен бастап батыл реформалау керек. Жалғыз күштік құрылымдарға ғана емес, жалпы мемлекеттік реформа қажет. Ол үшін қазаққа Ата Түрік сияқты ұлы реформатор керек.
Ендеше, бұл күнде қазақта реформатор бола алатын тұлға бар ма? Болса – кімді көріп тұрсыздар?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ