Алматыда 24 адам заңсыз қамауда болған
ҚР Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматыда 24 адам заңсыз қамауда болғанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
«Бүгінде прокуратура органдарына полиция қызметкерлеріне қатысты 91 шағым түсті. Әрқайсына жауап бердік. 19 өтініште заңбұзушылық расталмады. 56-сы әлі тексеріліп жатыр. Расталған жағдайлар да бар. Мысалы, 12 қаңтарда Алматы қаласының прокуратурасы заңсыз ұсталған 24 қала тұрғынын босатты. Сондай-ақ, ұсталған адамдардың өлімі, азаптау және билікті асыра пайдалану деректері бойынша істер тергеліп жатыр. Республика бойынша барлығы осындай 16 қылмыстық іс қозғалды», — деді Елдос Қилымжанов.
Оның айтуынша, зорлық-зомбылық жасау және медициналық көмек көрсетпеу жағдайларын тәуелсіз тексеру үшін адам құқықтары жөніндегі уәкілге және құқық қорғау ұйымдарына ұсталғандар мен қамауға алынғандарға кіруге рұқсат берілді. Бұдан басқа, Республикалық адвокаттар алқасымен бірлесіп, заң бойынша уақтылы білікті көмек көрсету, сондай-ақ қорғаушылардың мекемелерге қол жеткізуі мәселесі шешілді.