ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ – ИГІ НӘТИЖЕ КЕПІЛІ

0

Еңбек қауіпсіздігін сақтап, жұмысшылардың мүддесін қорғау – кез келген өркениетті елдегі негізгі міндеттердің бірі. Сол себепті де, Елбасы бұл мәселені үнемі басты назарында ұстап, еңбектің қорғалуына және оның лайықты бағалануына барлық жағдай жасап келеді. Соның нәтижесінде бүгінде еліміз бойынша бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Павлодар облысының Ақсу қаласында өткен «Лайықты еңбек – мемлекет тұрақтылығының кепілі» атты жұмысшылар форумы сол игі істердің жарқын көрінісі екені сөзсіз. Аталған іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы қатысты.

Сондай-ақ ол өңірге сапары бары­сын­да облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға барып, осы бағыттағы пар­тия­лық жобаның жүзеге асырылу бары­сы­мен танысты. Одан бөлек, партияның облыстық активімен кездесіп, Елба­сының Жолдауы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басым­дықтарға назар аударды.

Бәсекеге қабілеттілікті арттыратын бастама

Биылғы сәуір айында «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, қа­зақстандықтардың еңбек құқығын қор­ғау және еліміздің әлеуметтік жаңғыруын одан әрі нығайту жолында күш біріктіруге уағдаласқан болатын. Соның аясында өткен аталған форум еңбек қауіпсіздігін сақтауға және оны қорғауға, сондай-ақ Елбасының жаңа Жолдауында айтылған басымдықтарға сәйкес еңбекке лайықты жағдай жасауға бағытталды.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осындай ауқымды форумның Павлодар облысында өтуі тегін еместігіне және бұл өңірдің елі­міздегі ең ірі өндіріс ошақтарының бірі екеніне назар аударды. Сондай-ақ ол жиында қазіргі таңның ең өзекті мәселесі көтеріліп отырғанын айтып, әр қа­зақстан­дықтың еңбегі елдің әлеу­меттік, саяси және экономикалық тұрақтылығы­ның негізін қалайтынын тілге тиек етті.
– Бүгінгі таңда Қазақстан Елбасы саясатының арқасында дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Елімізде жан-жақты жаңғыру үдерістері қолға алынып, қарқынды жүргізіліп келеді. Мұның барлығы басты мақсатымыз – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу жолындағы нақты қадамдар. Осындай ауқымды істе алпауыт өндіріс орындарының да рөлі ерекше. Өйткені аталған кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі мен өсіп-өркендеуі мың­даған қазақстандық отбасының әл-ауқатының артуына септігін тигізеді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз сөзінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары форум өткен Ақсу ферроқорытпа зауытының осындай ірі өндіріс орындарының бірі саналатынын айтты. Биыл құрылғанына 50 жыл толған зауыт осы уақыт ішінде 35 миллионнан астам ферроқорытпа өндіріп, елдің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде Қазақстанның ферроқорытпа өндірісінің 60 пайызын қамтитын кәсіпорынның өнімдері Жапония, Корея, Қытай, АҚШ, Ресей мен Еуро­паның бірқатар елдеріне экспортталады.
Бұл жұмыстар Қазақстанның үшінші жаңғыруы мен Елбасының жаңа Жол­дауын­дағы талаптарға сай бастамалар екенін айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы айқындап берген мақсаттарға қол жеткізу үшін еңбек адамына лайықты жағдай жасаудың маңызы зор екеніне тоқталды.
– Елімізде Елбасының тікелей баста­масымен еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбекті қорғау және оны лайықты баға­лау жөнінде ауқымды жұмыстар атқа­рылып келеді. Осы мақсаттағы бүгінгі форум Елбасымыздың Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастамасын жүзеге асыруда үлкен маңызға ие. Себебі, кез келген істің адам күшімен, адам еңбе­гімен іске асатыны белгілі. Сондықтан еңбектің қорғалуы қолға алған істің нәтижелі болуын қамтамасыз ететін тиімді тетік, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол партия тарапынан осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілетініне назар аударды.
– Бүгінгі таңда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға қатысты күрмеуі қиын мәселелердің бар екені жасырын емес. Әсіресе, тау-кен өндіру ісі мен құрылыс саласын ерекше атап өткен жөн. Сон­дық­тан «Нұр Отан» партиясы осы ол­қылықтарды шешу үшін алдағы уақытта Кәсіподақтар федерациясымен күш біріктіріп жұмыс істейтін болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сөз соңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары барша қатысу­шыларды келе жатқан Тәуелсіздік кү­німен құттықтап, бүгінгі жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің барлығы егемен­дігіміздің арқасы екенін айтты.
Өз кезегінде Кәсіподақтар федера­ция­сының төрағасы Бақытжан Әбдірайым федерацияның 2018 жылды еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы деп жариялағанына назар аударып, сол ба­ғытта атқарылған жұмыстарға тоқ­талды.
– Мемлекеттік органдардың, кәсіп­одақтардың және жұмыс берушілердің жүйелі тексерістері мен бақылауларына қарамастан, өндірістік жарақаттар мен қайғылы оқиғаларға біржола тосқауыл қою мүмкін болмай отыр. Сондықтан біз «Еңбекті қорғау саласында алдын алу мә­дениетін бірге арттырамыз» деген арнайы акцияны қолға алдық. Бұл бастама екі жыл бойы жүзеге асырылады. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы да нәтижелі іске асырылып келеді, – деді Бақытжан Әбдірайым.
Айта кетейік, 2017 жылдың қоры­тын­дысы бойынша елімізде 1 678 жұмыс­шының еңбек жарақатын алғаны анық­талған. Өкінішке қарай, олардың 244-і қайғылы аяқталды. Сондықтан осындай олқылықтардың алдын алу үшін бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, ұдайы басты назарда ұстап отыру аса маңызды.
Форум соңында Кәсіподақтар федера­циясының ұйымдастыруымен өткізілген «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» бай­қауы­ның жеңімпаздары марапатталды. Бүгінде елімізде 12 855 өндірістік кеңес жұмыс істесе, олардың құрамында 17 751 техникалық инспектор жұмысшыларға қызмет көрсетеді.

Алдағы басым бағыттар пысықталды
Сонымен қатар сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бі­рінші орынбасары партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасының «Қа­зақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын талқылады. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының атал­ған құжаттарда айқындап берген ба­сымдықтары жүйелі сипатқа ие екенін айтып, оларды нәтижелі орындау үшін партияның алдында тұрған басты міндеттерге тоқталды.
– Қазіргі кезде партиямыздың ал­дында тұрған басты міндеттердің бірі – Елбасы Жолдауына ақпараттық қолдау көрсету. Сондықтан аталған құжаттың мәні мен маңызын әр қа­зақстандыққа жеткізуде еселі еңбек етуі­міз керек. Сон­дай-ақ Жолдаудың жү­зеге асырылу ба­рысына қоғамдық бақылау жүргізу де – нұротандықтарға жүк­телген маңызды іс. Біз бұл істе тұрақ­ты мониторинг жүргізіп, қажет жағ­дайда олқылықтарды әкімдік­тер мен Үкіметтің алдында ашық айтуға тиіспіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партиялық жаңғыру аясында қолға алынған жобаларды жүзеге асыруға, келесі жылы «Нұр Отанның» 20 жыл­дығына орай өткізілетін іс-шараларға белсене қатысуға, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруға және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы басым бағыттардың орындалуын қамтамасыз етуге барша нұротандық өз үлесін қосуы керегін атап өтті. Сондай-ақ осы бағытта павлодарлық нұротан­дықтарға бірқатар нақты тапсырма берді.
Жалпы қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасымен өз қызметін жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқаны белгілі. Соның аясында 20-дан астам жаңа жоба қолға алынып, «Цифрлы Қазақстан», шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламаларды орындауға бағытталған игі істер жүзеге асырылып жатыр.
Аталған жобалардың бірі – еліміздегі кітапханалардың қызметін бүгінгі талаптарға сай қайта жаңғыртып, оларды заманауи білім орталығына айналдыру. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар өз жемісін беріп, еліміз бойынша 100-ден астам кітапхананың қызметі жаңғырды. Олардың ішінде ауыл-аймақтағы кітапханалардың да бар екенін ерекше атап өткен жөн.
Сондықтан Мәулен Әшімбаев Ертіс-Баян өңіріне сапары кезінде С.Торайғыров атындағы облыстық кітап­ханаға арнайы барды. Аталған нысанның бүгінде 550 мың данадан астам кітап қоры бар. Қазіргі кезеңде аталған кі­таптар «Қазақстанның ашық кітап­ханасы» партиялық жобасы аясында цифрлы форматқа көшіріліп жатыр. Бұл жұмыстар Book Drive, Laren сияқты сканер құ­рылғылардың көмегімен жүр­гізіліп жатыр. Осылайша кітаптардың шал­ғай­дағы оқырмандар үшін де қол­жетімділігі қамтамасыз етілмек.
Бүгінде партия тарапынан отандық кітапханалардың кітап қорларын элек­тронды нұсқаға айналдыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны белгілі. Негізгі ауқымды жұмыстар Астана мен Алматы қалаларында жүргізілсе, өңір­лерде жергілікті жердің тарихы мен өлкетану бағытындағы кітаптар цифр­лануда. Соның нәтижесінде партияның бастамасымен елімізде бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі іске қосылмақ. Бұл жүйеге барлық университеттердің кітап­ханалары да енгізіледі деп жоспарланып отыр. Мұндай қадам еліміздегі кез келген кітапты электронды түрде оқуға мүм­кіндік береді.
«Нұр Отан» партиясының кітапхана қызметін жаңғыртудағы кезекті бас­тамасы – заманауи білім орталықтарын құру ісі бойынша Павлодар облысында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Бүгінде өңірде 25 коуоркинг орталығы ашылып, онда кітап оқумен қатар, түрлі тақырыптарда пікірталастар мен тре­нингтер және белгілі тұлғалардың дәріс­терін өткізу ісі жүйелі жолға қойылған.
С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында ашылған сондай орталықта жергілікті бір топ жас ақын-жазушыларымен кездескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай бастамалардың маңызы зор екенін айтты.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мәні – жас­тардың білімге деген құштарлықтарын арттыру. Ал бар білімнің негізі кітапта екені белгілі. Сондықтан партия Төра­ғасының тапсырмасы бойынша біз осындай игі істі қолға алдық. Бұл – бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға және еліміздің эконо­микалық дамуына үлес қосуға бағыт­талған нақты жұмыстар, – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан басқа ол партияның жас қаламгерлер арасында «Ұлы дала» шы­ғармашылық байқауын жариялағанын айтып, жастарды белсенді қатысуға ша­қырды.

Еламан ҚОҢЫР

Дереккөз: Айқын