Атырау әкімі митингілер кезінде қайда болғаны айтылды

0

Атырау әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрислам Ғұмар қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде қала әкімі Қайрат Оразбаев қайда болғанын айтты. Бұл туралы «АқЖайық» басылымы жазды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Атырау әкімі 31 желтоқсаннан бастап еңбек демалысын алған, бірақ 10 қаңтарда жұмысқа шақыртылған. Келесі күні денсаулығына байланысты демалыс алған, жұмысқа қашан шығатыны әлі белгісіз.

Бұған дейін Атырауда митингіге шыққан жергілікті тұрғындар әкім Оразбаев жұмыс орнында жоқ болғанына назар аударған. «Атырауда осындай жағдай болып жатқанда мұнда болмаудың қандай дәлелді себебі болуы мүмкін», — деп сұрақ қойған еді қала тұрғындары.

Былтыр жазда әлеуметтік желілерде Атырау әкімі ауысқаны туралы ақпарат пайда болды, бірақ бұл расталмады. Басылым мәліметінше, сол кезде де Оразбаев денсаулығына байланысты демалыста болған.