Алексей Луценко: Кәсіби мансабымды «Астана» командасында одан әрі жалғастыратыныма өте қуаныштымын

0

«Адырна» ұлттық порталының тілшісі жуырда ғана келісімшартын ұзартқан «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының шабандозы Алексей Луценкомен сұхбаттасқан болатын, соны назарларыңызға ұсынамыз:

– Алексей Александрович, велоспортқа қалай келдіңіз?

Менің алғашқы жаттықтырушым Потапов болды. Нақты есімде жоқ 2006 немесе 2005 жылы ауылдан келдік. Велоспорт үйірмесіне жазылып, алғашқы велосипедімді алдым. Спорт интернатына келгеннен бастап, жақсы нәтижелер көріне бастады. Осылайша, велоспортқа түстім.

– Сіздің соңғы жарысыңыз итальяндық «Серениссима Гравел» қиыршық тас жолында болды. Онда сіз маусымдағы екінші жеңісіңізге қол жеткіздіңіз. Сізден басқа, «Астананың» атынан үш италиялық шабандоз — Фабио Феллине, Самуэла Баттистелла және Давиде Мартинелли өнер көрсетті. Осы жарыс туралы және жеңіс кезіндегі сезіміңіз туралы айтып беріңізші?!

«Astana Qazaqstan Team» велокомандасында өнер көрсету кез келген қазақстандық спортшы үшін үлкен мәртебе. Оның үстіне әр елдің өзінің жеке кәсіби командасы бола бермейді. Сондықтан әлемдік велододаларға қатысу мүмкіндігі жоғары, сондай-ақ ел намысын лайықты деңгейде қорғау мен үшін де маңызды. Жеңіс сәтіндегі сезімім туралы айтар болсам, кәдімгі сезім, қабылдауым қарапайым. Бұл спорт, бұл жарыс, бірде жеңіс, енді бірде жеңіліс болады. Әрине, қиыршық тас жолында бақ сынадым. Мен үшін бұл жарыс қиынға соқты. Өйткені қиыршықты тасжол қарапайым жарыс жолынан өзгешерек. Сонымен қатар жолдар тар әрі бұрылыстар саны көбірек. Ал мұндай жағдайда велосипедті басқару қиын. Бірақ бәрі ойдағыдай өтті.

– Велосипед Нұр-Сұлтанда танымал көлік құралына айналуда. Жаңадан бастап жатқандарға және велосипед әуесқойларына қандай кеңестер бересіз?

Айтарым, велоспортпен жиі жаттығыңыз. Егер сізге велоспорт көбірек ұнайтын болса. Әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында. Бірақ қазіргі уақытта ауа райы мүмкіндік бермейді. Бірақ велотрекке келіп жаттығу мүмкіндігі бар.

– Жаңа маусымнан не күтесіз? Қазір спорттық жиында жүрсіз, күніңіз қалай өтеді? Күн тәртібі қалай?

Біріншіден, мен кәсіби мансабымды қазақстандық «Астана» командасында одан әрі жалғастыратыныма өте қуаныштымын. Командада өткізген жылдар ішінде мен көшбасшы деңгейіне дейін жеттім. Енді мен әрі қарай дамуды жалғастыру үшін жауапкершілік, ынталандыру, жаңа жетістіктерге ұмтылу және көшбасшылығымды әр жолы жаңа жеңістермен дәлелдеуім керек. Биыл жалпы есептегі сайыста, сондай-ақ «Критериум дю Дофине» мен Гранд-Турлар сияқты үлкен апталық жарыстарда жақсы нәтиже көрсеттім. «Тур де Франстың» жалпы есебінде жетінші орын иеленгенім болашақта жеңіс тұғырынан көрінуге мені жігерлендіреді. Сонымен, жаңа маусымды «Астана» командасымен бірге жаңа мақсаттармен бастаймын. Жоба менеджерлерімен және бапкерлермен бірге негізгі мақсаттарды дұрыс айқындай алатынымызға сенімдімін. Содан кейін біз қалаған мақсатымызға жету үшін бар күшімізді саламыз. Қазіргі уақытта жиындарға қатысып жүрген жоқпын. Отбасыммен шағын демалыстамын.

Еске сала кетейік, команданың 28 жастағы жетекшісі алдағы үш маусым бойы (2022-2024) ұлттық веложобаның намысын қорғайтын болады.

«Астана» кәсіби спорт клубының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, құрылтайшысы – Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ