Ғұсыл алған соң қосымша дәрет алу керек пе?
Сәлеметсіздер ме! Сұрайын деген, егер дәрет пен ғұсыл алуға ниет етпей душқа не моншаға түсіп, тазаланып шыққанда намаз уақыты кірген болса, сол жуынған күйінше дәрет алмай намаз оқуға бола ма? Әлде бөлек дәрет алу керек пе? Рахмет.
Сәлеметсіз бе! Ханафи мәзхабында дәрет пен ғұсыл үшін ниет ету шарт емес. Ниет етпестен алынған дәрет немесе ғұсыл жарамды.
Сондай-ақ, ғұсыл алған соң дәрет бұзатын жағдайлардың бірі туындамаса, қосымша дәрет алудың қажеті жоқ. Өйткені, шомылу барысында дәретте жуылуы керек жерлер жуылып отыр. Әзіреті Омардың немересі Сәлимның мынадай риуаяты хадис кітаптарында келтіріледі. Ол (р.а.) былай дейді:
«Әкем ғұсылданып болғаннан соң, дәрет алды. Мен одан: «Ғұсыл жеткілікті емес пе? Ғұсылдан кәміл дәрет бар ма?», — дегенімде әкем (Абдулла ибн Омар): «Жүніп үшін ғұсылдан артық қандай дәрет бар! Тек, менің жыныс мүшемнен бір нәрсе шыққандай болды, сосын оны ұстадым, сол үшін дәрет алып жатырмын», — деп айтты». ( Абдурраззақ әс-Санағани: Мусаннаф. №1038 хадис).
Сол үшін өзіңіз айтпақшы, шомылып шыққан соң қосымша дәрет алмастан уақыты кірген намазға тұра беруіңізге рұқсат.
Абдусамат Қасым