Жаңа жыл мейрамын тойлау харам ба?

0

Жаңа жыл туралы көпшілігіміз біле бермейміз. «Ол мейрам қайдан шықты?», «кімдер тойлаған еді?» және «жаңа жылмен христиан дінінің қатысы бар ма, жаңа жыл мұсылмандарға қаншалықты қатысы бар?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Жаңа жыл мерекесі қайдан шықты?

Иса (а.с) Масихті христиан әлемі құдай деп таниды. Сол сияқты Митраны да парсы құдайы, Осирис Египет құдайы, Вакх грек, Кришна Индия құдайы, Будда буддизмнің негізін салушы, оны да құдай деп есептейді. Заратустра, Зараостризмнің негізін салушы. Бұл құдайлардың туылған күндері де ұқсас 25 – ші желтоқсанда дүниеге келген екен. Рим империясында көп құдайшыл өздері жартылай құдай, жартылай адам деп санайтын Митраның туған күнін сән – салтанатпен атап өтетін болған.

Митра 25-ші желтоқсанда бір үңгірде, жануарлар арасында туылған. Көпқұдайшыл болған римдіктердің сенімі бойынша, егер адам өз үйінде лавр (үнемі жасыл болып өсетін ағаштың бір түрі) ағашын тігіп қойса, онда оның үйінен көктем кетпейді – мыс. Сондықтан да, олар сол ағашты өз үйлеріне әр қыс келгенде тігіп қоятын болған. Герман тайпасы да солай істеген, бірақ лаврдың орнына олар шырша (елка, ель) ағашын пайдаланған. Яғни, Исаға (а.с) да, жаңа жылға да қатысы жоқ.

IV – ші ғасырда Митраның бас табынушысы болған, кейіннен христиан дінін жаңадан қабылдаған Византия империясының императоры Константин 25-ші желтоқсанды Иисустың (Иса) туған күні деп жариялаған. Оған дейін Исаға (а.с) тиісті күнді ешкім жаңа жыл деп есептемеген де, тойламаған.

Қазіргі таңда христиандар 25-ші желтоқсан мен 6-шы қаңтар арасы «Рождество Христого», яғни Исаның туылған күні деп ораза ұстайды, құлшылықтарын көбейтіп, бір-бірін кешіріп, көп жақсылық жасауға тырысады.

Яғни, рождество мен жаңа жыл негізінде екі бөлек нәрсе. Мұсылман мемлекеттерінде: Египет, Ливан, Сирия т.б сол жерлердің тұрғылықты христиан арабтары бар. Сол себепті олар да осы мереке тойланып жатады. Құранда: «Олар (мейірімді Аллаһтың құлдары) өтірікке айғақ болмайды…» (25/72) Бұл аяттың тәпсірі – басқа діндегілердің діни меркелеріне қатыспау туралы айтылған.

Бүгінгі адамдар: «Бұл жай мереке ғой, арақ – шарап ішпейміз, тек қана дастарқан жайып отбасы мен туыстарымызбен отырамыз», – дейді. Алайда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Кім қай халыққа ұқсағысы келсе, ол солардың бірі», – деген. Басқа бір хадисінде: «Сендер міндетті түрде өздеріңнен бұрын өткендердің (яһуди мен христиандардың) ізімен жүресіңдер, тіпті олар кесірткенің ініне кірсе де, сендер оларға ілесе кетесіңдер», – дейді.

Жаңа жылдың біз білмейтін тарихы

Жаңа жыл мейрамының шығу тарихы туралы түрлі пікірлер бар. Осы орайда Бурахан Даканов атты желі қолданушысы жаңа жылдың біз білмейтін тарихы туралы фейсбук парақшасына жазды.

«Осы жаңа жыл келе сала: «Ойбай дайындалайық, шырша тауып, оны безендірейік» — деп шарқ ұрамыз. Дегенмен осы мереке қалай пайда болды, қызыл малақайлы шал кім деген сұраққа ешкім бас қатырмайды, тек «елден қалмасақ болды», дейміз де, қалғанына мән бермейміз. Бірақ сол дұрыс па?

Осы мəселемен бас қатырып, ерінбей ғаламтордың бұрыш бұрышын ақтарып, әйтеуір таптым. Қысқасы, бұл мереке крест жастанғандардың мерекесі емес екен. Негізінде әңгіменің көкесі мынау. Мәселе былай басталыпты — ерте ерте ертеде, (тек бұл ертегі емес, бірақ әрбір ертегінің астында жасырынған бір шындық бар) ешкі жүні келтеде Алып тауларының бауырын мекендеген кельт (болашақ галлдар) атаулы тайпа өмір сүрген екен.

Олар шыршалардың ішінде орман аруақтары, жын шайтан өмір сүреді деп сеніп — уақытында құрбандық шалып отырған. Ал қандай құрбандық? Әңгіменің қызығы осы жерде, олар шыршаларға жын шайтандар ауқат қылсын деп адамның ішек қарнын, сүйектерін әдемілеп іліп қоюды әдет қылған. Осылай талай жыл тырқырап жүрген кельттерді крест құшқандар — қылыштың жүзімен беттерін бері бұрып, себепсіз адам өлтіруді (құрбандық шалу, ішіп алып төбелесу, бір бірін ойнап о дүниеге аттандыру) тоқтатады.

Кейін қазақтың «қасқырды қанша тәрбиелесең орманға қарап ұлиды» дегендей ойнайтын ойыншығынан айырылған кельттер: болмасаңда ұқсап бақтың кебін киіп — ішек-қарындармен адамның бастарының орнына неше түрлі жылтырақтармен (гирлянды) және түрлі түсті әйнек шарлармен шыршаларын безендіріп қолдарының қышуын қандырған дейді.

Ал ел жұрттың мұржасынан кіріп, шыршаның астына сәлем сауқат салатын қызыл телпекті шал да жетісіп тұрған жоқ негізі. Ол шалды да осы жауыз кельттер ойлап тапқан, бірақ бұрын бұл шал қазіргідей ел жұртқа қуаныш, балаларға ойыншық беру үшін емес, әлгі шыршаға ішек қарын ілмегендердің үйіне барып, ас қорыту жүйесін сұрамай алып кететін қанішер шал болған екен.

Қазіргі қызыл дорбасымен қызыл шапаны бар Санта Клаус — кельттердің қандары аққан ішек қарнын дорбасына салып, үсті басы алқызыл қан болған сол шалдың заманауи бейнесі. Айтпақшы шалдың ассистенті болған Ақшақарды кезінде кельттердің күн қатты борандатып, айнала ақ түтек болғанда ормандағы бір шыршаға жалаңаш арқандап,  борандардың әмірі деп есептелген жаңағы шалға тартқан құрбандықтары екен.

Ал енді келе жатқан Жаңа жылдарың құтты болсын. Бұрынғы «Аяз ата алып кете ме, тоқ ішегімді алып кете ме?» деп қорқып, түнімен ұйықтамай отырған кельттердей таң атқанша тойлауларыңызды тілеймін», — деп жазды ол.

Жаңа жыл кәпірлердің мейрамы ма?

Жаңа жыл – мұсылмандардың мерекесі болмаса да, бұл – мемлекеттік мереке. Біз зайырлы қоғамда өмір сүреміз. Біздің қоғамда жаңа жылға қатысты «кәпірлердің мейрамы», «оны тойлау харам» деген секілді сөздерді айту дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені дінімізде өзге дін өкілдеріне құрметпен қарауға, олардың діни ұстанымдарына төзімділік таныту Құран Кәрім аяттары мен пайғамбар хадистерінде анық, нақты айтылған. Пайғамбарымыз олармен, тіпті мүшіріктердің өзімен «(Жамандықты) ең жақсы нәрсемен қайтар. Сонда араларыңда дұшпандық болған біреу жақын достай болады» (Фуссилат сүресі, 34) аятына сай өте көркем қарым-қатынас орнатқан еді. Ондай көріністерді пайғамбардың Мединаға қоныс аударғаннан кейінгі қабылдаған құжатынан да көруге болады. Яғни, өзге дін өкілдерінің құқықтарын айрықша қамтамасыз еткен болатын. Сол секілді Құран Кәрімнің: «Аллаһ дін тұрғысында сендермен соғыспағандарға және жұрттарыңнан қуып шығармағандарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділдік етулеріңе тыйым салмайды» (Мумтахина сүресі, 8) аяты да көп мәселенің басын ашып отыр. Кейбір ғалымдар «Адамдарға жақсы сөз айтыңдар!», «Ақиқатында, Аллаһ әділдікті, жақсылық етуді бұйырады» деген секілді аяттарға негізделе отырып, адамгершілік тұрғысынан, көркем қарым-қатынас орнату мақсатында өзге дін өкілдерін мерекелерімен құттықтауды рұқсат еткен. Бірақ шариғатымызға қайшы келетін сөздер айтылмауын шарт санаған. Оларды мерекелерімен құттықтау олардың діни ұстанымын қолдау яки олардың дінін қабылдауды білдірмейтіндігін айтқан.

Ислам дінінде екі айт және жұма күні мереке ретінде діни мәтіндерде бекітілген. Діни мерекелер құлшылық ғибадаттармен байланысты келеді. Мысалы: Ораза айты – бір ай ораза ұстағаннан кейін болса, құрбан айты – қажылық құлшылығымен байланысты. Екі айт та намазбен басталатындығы тағы бар. Жұма күнінің де жұма намазымен ерекшеленетіндігін білеміз. Дегенмен исламдағы бұл мерекелердің діни болуымен қатар, олардың рухани, әлеуметтік астары бар екендігін естен шығармауымыз керек. «Бірде Әбу Бәкір айт кезінде пайғамбар үйінде Айша анамыз бен екі күңнің ән айтып жатқанын көріп оларды қайтарған кезде, пайғамбарымыз (с.а.с.) «Уа, Әбу Бәкір! Әрбір қауымның өз мерекесі бар, бұл біздің мейрамымыз» деген» (Бұхари, Муслим). Яғни, әрбір халықтың өзіндік ұлттық, отандық мерекесі, әрбір тұлғаның өмірінде орын алатын қуанышты жайттарына арналған мерекелері болуы заңдылық. Халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін хақ дінге қайшылығы жоқ мерекелерді шариғат шеңберінде аталып өтілуін дініміз тыйым салмаған.

Мерекелерде жиі орын алатын адамдарға күлімдеп қарау, көңілдеріне қуаныш сыйлау, туған-туыстармен қарым-қатынас жасау дінімізде құпталған, тіпті бұйырылған істерге жатады. Ал мерекелерде сыйлық беру немесе сыйлық алу адамдар арасында сыйластық пен сүйіспеншілікті арттырып, араларындағы кек пен дұшпандықты жоюға, қарым-қатынастарын жақсартып, араларындағы байланыстың нығаюына септігін тигізеді. Сыйлық жасау, сыйланған заттың қымбат-арзандығына қарамастан, шын көңілмен қабыл алу – пайғамбар (с.а.с.) сүннеті. Оған: «Пайғамбардың «… сирақ не бақай сыйға тартылса да міндетті түрде аламын»,– деген (әл-Бұхари, 2568); «Пайғамбарға (с.а.с.) Барира өзіне садақа ретінде берілген етті сыйлады. Сонда пайғамбар (с.а.с.): «Бұл ет оған (Барираға) – садақа, ал бізге – сыйлық»,– деп айтты», «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер» [Әл-Бұхари] – деген хадистері дәлел.

(Мәліметтер ашық дереккөздерден алынды)