А.Тәшенова: Мамай попугайлар секілді өтіріктерін қайталаудан басқа ештеңе бітірмеді

0

Мамай мен Иманбаева өз ұстанымдарын қорғау үшін бірде-бір жаңа аргумент, дәлел келтіре алмады. Әрине, олар барлық жағдайда жеңілді, деп мәлімдеді А. Тәшенова өзінің Facebook парақшасында.

Құрметті достар!
Бір кездері американдық жазушы Брюс Бартон «Қыңырлық пен пікірдің қисынсыздығы – бұл ақымақтықтың ең сенімді дәлелі» деген еді. Мамай мен Иманбаеваның маған сенім білдіруші Б.Байбектің талап-арызы бойынша өткен соттардың қорытындылары туралы жалған айтып, жұртшылықты тағы да адастыруға тырысқан кешегі пресс-конференция видеосын қарап отырып, осы қанатты сөз есіме түсті.
Соттардың заңды шешімдеріне қарамастан, Мамай оларды орындаудан бас тартып, фанатикалық қарсылығын жалғастыруда. Мен бұған дейін де жазғанымдай, ол өзінің ешбір шындыққа жанаспайтын «журналистік зерттеулерін» жоққа шығарса, қалған-құтқан беделінен айырылатынын жақсы біледі.
Алайда, Мамай осы қыңыр мінезімен жағдайын одан әрі нашарлата түсуде. Себебін түсіндіре кетейін.
Біріншіден, ол үнемі өзінің айыптауларын растау үшін жинадым деген жалықтырған 2 мың парақтан тұратын дәлелсымақтарына сүйенуге тырысады. Бірақ, барлық сот инстанциялары осы материалдарды бүге-шүгесіне дейін тексеріп, құқықтық бағасын берді. Мамайға дәлел ретінде әлеуметтік желілерден алған қауесеттер мен өсек-аяңдар ұсынғаны және ол жерде бірде-бір құжатпен расталған факт жоқ екені бір емес, бірнеше рет түсіндірілді. Сондықтан оның «жерден жеті қоян тапқандай» айтып жүрген екі мың парағын еш өкінбестен қоқысқа лақтыруға болады.
Одан бөлек, біз Мамайдың өзі де шақырылған тікелей эфирге танымал қоғам қайраткерлерін, блогерлерді де шақырдық, «мамайдың томдарын» бірге қарастырдық. Алайда, ол аталған шақыртуды елемеуді жөн көрді, өйткені ол мұның барлығы тек макулатура, яғни сенсация ретінде ұсынған дәлелдері соқыр тиынға да тұрмайтынын түсінеді.
Екіншіден, процесстер кезінде Мамай мен Иманбаева өз ұстанымдарын қорғау үшін бірде-бір жаңа аргумент, дәлел келтіре алмады. Олар бірде-бір айғағы жоқ дәлелсымақтарына сүйене отырып, попугайлар секілді өтіріктерін қайталаудан басқа ештеңе бітірмеді.
Нәтижесінде, барлық инстанцияларда заңды түрде жеңіліс тапты.
Соған қарамастан, Мамай беті бүлк етпестен қазақстандық соттарда бейтараптылық жоқ деп айыптап, қоғамдық пікірге ықпал ету үшін айла-шарғысын жалғастырып келеді. Дегенмен, бұған дейін де айтқанымдай, ол өз қателігін мойындап, сот ісі бойынша шығындарды толық және тиісті мерзімде төлей отырып өз ісінің дұрыс еместігін дәлелдеп отыр. Оның сот шешімін толық орындаудан бас тартамын деуі – өзінің бет-бейнесін сақтап қалудың әрекеті ғана.
Айтпақшы, мұнда да Мамай өзінің шынайы бет-бейнесін, екіжүзділігін ғана көрсетуде. Жоғарғы сотқа шағымдану туралы түсініктеме бере отырып, ол «біз Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі алқасына жүгініп, менің атымнан және Инга Иманбаеваның атынан арнайы шағым түсірдік, бірақ сот бұл істі тіркеуден бас тартты» дейді.
Бұл оның кезекті арсыз өтірігі. Алдымен Мамай шағымды өз атынан бермегендігінен бастайық. Ол әйелін отқа тастап, ал өзі әдеттегідей тасада бақылауды жөн көрді.
Одан бөлек, сот істі тіркеуден бас тарта алмайды. Сот заң бойынша ресімделген кез-келген өтінішке нақты жауап беруге міндетті. Сондықтан, ашықтықты үнемі ту етіп жүргенін ескере отырып, мен Мамайға оның Жоғарғы сотқа жолдаған өтінішін және оған берілген жауапты желіде орналастыруды ұсындым. Әлбетте, ол мұндай қадамға барған жоқ.
Өз кезегінде, мен Жоғарғы сотқа сұрау салдым. Сот жауабын ашық түрде парақшамда жарияладым. Онда Мамайдан ешқандай өтініш түспеген деп ақ-қарасы анық айқын жазылған.
Үшіншіден, Мамайдың БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгіну туралы эпатажды мәлімдемесі адам күлкісін келтіреді. Менің ойымша, оның барлық «дәлелдемелері» заңды түрде комитет өкілдерінің де түсінбеушілігін тудырады. Мамай мен Иманбаева өздерінің құқықтық нигилизмін көрсете отырып, қазақстандық «оппозицияны» әлемдік деңгейде масқаралау мақсатына ұмытылатын сияқты әсер қалдырады.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті жауапкерлердің толық надандығы мен алаяқтығын түсінгеннен кейін, «бұл әзілдерің бе» деп қабылдайтын болар.
Қорытындылай келе, Мамай мен Иманбаеваның соттың заңды шешімін орындаудан жалтаруға тырысқанына қарамастан, олар маған сенім білдіруші туралы жала жабылған материалдарын теріске шығарып, жоюға тура келетінін атап өткім келеді. Олай болмаған жағдайда, сот орындаушысы келесі жылдың наурыз айында заңға сәйкес сот шешімін орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғауға мәжбүр болады.
Айжан ТАШЕНОВА