Желідегі жанжал: Ресей циркі Павлодардан кетті
Тар фургонда түрлі жануар ұстаған ресейлік көшпелі цирк иелері павлодарлықтардың жаппай наразылығынан кейін қаладан кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды kznews.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодарда қыстауды ұйғарған көшпелі цирк жануар иелері инспектор тексерісінен кейін жолға асығыс дайындалған.
«Қала әкімінің тапсырмасы бойынша, 27 желтоқсанда жергілікті полиция қызметкерлері цирк иелерімен тағы да кездесіп, қаланы абаттандыру және қоғамдық тәртіпті сақтау ережелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Түсіндіру жұмыстарынан кейін цирк иелері жануарларды Цветочная көшесіндегі жеке үйдің аумағынан алып шығып, қаладан кетуді ұйғарды», — деді Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.
Сол күні жануарлары бар фургондар қала сыртына шығып кетті.
«Жабайы жануарларды облыс орталығы көшелерімен тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін патрульдік полиция қызметі бірге жүрді», — деді Павлодар әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.
Ведомство мәліметінше, жануарлар екі ресейлік әйелге тиесілі. Олар қаладағы ықшамаудандардың бірінен жекеменшік үйді жалға алып, жануарларды сол жерде көктемге дейін асырамақ болған.
Еске салайық, павлодарлықтар тоқтап тұрған фургондағы жануарлардың жағымсыз дауысына шағымданған болатын.