Павлодар әкімі қызметтік пәтерді 50 миллион теңгеге алғаны үшін сөгіс алды — Ел жаңалықтары
Павлодарда әкімдіктің 50 миллион теңгеге сатып алған пәтері басқа пәтерге ауыстырылып, ал бұл үй жетім балаларға берілетін болды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Облыс әкімі Болат Бақауов әкімдік жиналысында осындай тапсырма берді. Жиналыста бюджет шығыны мәселесі қаралды.
«Жиналыста әкім Павлодар әкімінің қызметтік пәтер сатып алуына қатысты мәселені көтерді. Облыс әкімі ротациямен келген мемлекеттік қызметкерлер үшін пәтер алу керектігіне келіседі, алайда ол пәтердің осыншама сомаға алынғаны дұрыс емес. Мемлекеттік қызметкерлер халықпен етене араласуы үшін көпқабатты үйлерде тұру керек. Жиналыс кезінде Болат Бақауов сатып алынған пәтерді айырбастап, кезек бойынша жетім балаларға үйді беру туралы тапсырма берді», — деді Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілі Азамат Байтенов.
Оның айтуынша, Павлодар әкімдігінің қымбат пәтерді сатып алуы бюджетті талан-таражға түсірумен тең. «Бюджет қаражатын дұрыс жаратпағаны үшін қала әкімі Әнуар Күмпекеевке сөгіс жарияланды», — деді Байтенов.
Сонымен қатар, Павлодар әкімдігінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында қызметтік апартаменттерді жетімдерге арналған үйге ауыстырғаны туралы хабарлады. «Павлодарда Луначарский көшесінде орналасқан үйді алу мәселесіне қатысты, пәтердің әлі берілмегенін түсіндіргіміз келеді. Орналасу туралы ұсыныстар түскен жоқ. Павлодар қаласының әкімі Күмпекеев бұл пәтерде тұрмайды, пәтерге орналасу туралы сұраныс берілмеген», — деді баспасөз қызметінің өкілдері.
«Әлеуметтік желіде осы мәселе қызу талқылануына байланысты, осы мәселеге нүкте қоюды жөн көріп отырмыз. Луначарский көшесіндегі пәтерді 6 жаңа пәтерге ауыстырылдыү Екі екі бөлмелі, төрт бір бөлмелі пәтерлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне беріледі», — деді Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілдері.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz