Елбасы билеті арзан әуе компаниясын құруды тапсырды

0
Мемлекет басшысы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Эвансты және «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ақорданың мәліметіне сүйене отырып.

Кездесу барысында азаматтық авиацияны дамыту мәселелері, сондай-ақ «Эйр Астана» әуе компаниясының қазіргі ахуалы мен алдағы перспективалары талқыланды.

– «Эйр Астана» – біздің негізгі әуе тасымалдаушы компаниямыз. Біз оны Ричард Эванспен бірлесе құрдық. Осы жылдар ішінде көп жұмыс атқарылды. Бүгінде компания жақсы қырынан танылып, оң имидж қалыптастырды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан Президентіне әлемдік әуе тасымалы нарығындағы соңғы үрдістер жөнінде айтты. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты азаматтық авиацияны басқарудың британдық моделінің элементтерін енгізу мақсатымен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды.

Инвестициялар және даму министрінің мәліметіне сәйкес, 2018 жылы Қазақстанда 13 бағыт бойынша әуе рейстері ашылып, Астана қаласында «ашық аспан» пилоттық жобасы іске асырылды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы әуе тасымалы қызметінің халыққа қол жетімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, «Эйр Астана» компаниясының базасында төмендетілген тариф бойынша көлік қызметін көрсететін бюджеттік әуе компаниясын құруды тапсырды.