БҒМ пікір білдірді: Мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға қысқара ма?

0

WhatsApp мессенджерінде жаңа жылдан бастап педагогтардың еңбекақысы қысқаратыны туралы ақпарат тарады. Хабарламада 30 пайыз көлеміндегі жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ бергені үшін қосымша төлемдер алынып тасталатыны жазылған, деп хабарлайды kznews.kz сайты StopFake.kz сайтына сілтеме жасап.

«Жаңа жылдан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға көтеріледі. Бірақ олар жаңарту үшін сыйақыны алып тастайды, яғни 30 пайызға азаяды», — дейді автор.

Ал ведомствода жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы бұрынғыдай төленетінін атап өтті.

«Жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы бұрынғыдай төленеді. Сонымен қатар, келесі жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша педагогтардың еңбекақысы тағы 25% көтерілетінін еске саламыз. Айта кетейік, 2020 жылы педагогтардың еңбекақысы — 25%, 2021 жылы тағы 25% өсті. Бұдан бөлек, Президенттің қолдауының арқасында, біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50% дейін ұлғайтылды», — дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.

Сондай-ақ ол мұғалімдерге дәптерлерді тексеру және сынып жетекшілігі үшін үстемеақының екі есеге арттырылғанын, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жаңа санат пайда болғанын атап өтті. Министрлік қазақстандықтарды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге және желіде тараған қауесеттерге назар аудармауға шақырды.