Алматы облысында агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25% өсті
Алматы облысында агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25% өсіп, 97 млн. АҚШ долларын немесе жалпы агроөнеркәсіп кешені экспортының 73%-тін құрады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Президент жанындағы Орталық коммуникация қызметі алаңында өткен брифингі кезінде белгілі болды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жетісу өңірінде өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 процентке өскен. Мал қыстату үшін облыс жем-шөппен толық қамтамасыз етіліп, 5,3 млн.тонна азық дайындалды. Жетісулықтар Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жөнелткен.
— Барлығы 74,1 мың басқа арналған 117 мал бордақылау алаңы және 26,1 мың басқа арналған 84 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді, соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72%-ке, сүт зауыттарының жүктемесі 85%-ке жетті, — деді облыс әкімі А. Баталов.
Атап өтсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында биылғы жылдың қыркүйегінде Үкімет қабылдаған 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет етудің кешенді іс-шаралары өңірде жүзеге асырылып келеді. Тұрақтандыру қорын құрып, жеңілдікпен кредит беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд. теңге бөлінді, оның жалпы сомасы 3,7 млрд.теңгені құрайды. Соның 3 млрд. теңгесі — 0,01%-пен кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелендіруге және 700 млн. теңгесі 8,7 мың тонна өнім сатып алуға бағытталды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.