Қысқы сән: Қандай көйлек киеміз?

0

Қысқы сән: Қандай көйлек киеміз?

Көйлектің бір керемет артықшылығы бар, оның астына немесе үстіне не киемін деп алаңдамайсыз. 2018-2019 жылғы қыс мезгілінде сәнде болатын көйлек түрлерін ұсынамыз.

Трикотаж көйлек

Трикотаж көйлектер, әсіресе, қонымды үлгідегі ұсақ тік тігісті түрі – күз-қыс мерзімінің нағыз хиті. Ол барлық сырт киіммен (былғары күртке, парка, кез келген пальто, мамық күртке, тон) үйлесім табады. Трикотаж көйлек өкшесі бар етікпен салтанатты, ал бәтеңке немесе өкшесі жоқ етікпен қарапайым болып көрінеді.

Торлы көйлек

Торлы және жеңі ұзын күзгі және қысқы көйлектерде үйлесімді көрінеді. Ол сыртқы киімдердің ішінде пальтомен және тонмен жақсы келеді. Торлы көйлекті кэжуал және іскерлік стильде қолдануға болады.

Свитер-көйлек

Свитер-көйлек – осы қыстың басты сәнді бағыты. Свитер-көйлекке деген сән өз бастамасын 90-жылдардан алады. Дизайнерлер сол жылдардан шабыт алған. Бірақ бұл 20 жылда свитер-көйлектер өзгеріске ұшырады. 90-жылдары «скиф» деп аталатын үлгісі, яғни, резеңкесі бар салпыншақ көйлектер сәнде болса, қазір oversize және тік пішінді үлгілер шығып жатыр. Заманауи свитер-көйлектің тағы бір түрі – худи көйлектер. Свитер-көйлекті  бәтеңкемен немесе қонышы ұзын етікпен үйлестірген жөн.

Былғары және күдері сарафан

Жазда сарафанның құр өзін немесе футболканың сыртынан кисе, күз-қыс мезгілінде оны водолазканың сыртынан киюге болады. Бастысы, сарафанның материалы водолазкамен салыстырғанда қатты жұқа көрінбеуі керек. Сондықтан сарафанның былғары немесе күдері матадан болғаны жақсы.