Тұңғыш рет театр сахнасында әйелдерге арналған мәуліт кеші өтті
Алматы қаласы, Алатау дәстүрлі өнер театрында Алматы Орталық мешітінің бастамасымен әйел-қыздар жамағатына арналған «Бабалар аманаты» атты рухани-патриоттық Мәуліт кеші болып өтті.
Мәуліт кеші Ергешова Малика қаридың Құран оқуымен және дәстүрлі әнші Қынтаева Лаураның қазақша «Мәуліт жырын» орындауымен басталды.
Мерекелік шараны салтанатты түрде ашып беру үшін сөз Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлына берілді.
Бас имам өз сөзінде Алматылық әйел-қыздар қауымын Пайғамбарымыздың Мәуліт айымен құттықтап, бұл айдың біздер үшін үлкен қуаныш екенін айтты. Сондай-ақ, Алла елшісінің өнегелі өмірінен сыр шертіп, әйел-қыздарымызды Пайғамбарымыз бен Оның асыл жарларының көркем мінезінен үлгі алуға шақырды. «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» деген аяттағы Пайғамбарымыздың тәлімгерлік тұлғасына тоқталды.
Кеште өнерлі мешіт шәкірттері сонау ашаршылық заманынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының басынан кешкен түрлі қайғы-қасірет пен қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін қозғап, тәлімді ойларды қаузаған қойылымдарын ел назарына ұсынды.
Одан әрі Мәуліт айына орай ұйымдастырылған жыр мүшайрада бас жүлдені иеленген жас ақын Сандуғаш Серікқызы Пайғамбарға арнау жырын, ал Ерланқызы Шұғыла «Мұсылмандарды бірлікке шақыру» өлеңін оқыды.
Кеш соңында жиналған қауым, кештен жақсы әсер алғанын, алдағы уақытта осындай игі шаралардың көптеп өткізілуін сұрап, кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Мәуліт кеші мешіт шәкірттерінің хормен орындауында салауат әнімен аяқталды.
Баршамызға Алланың рақымы, Пайғамбарымыздың шапағаты нәсіп болсын!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі