Алматы облысында 22-ші әкімдік «Open space» форматында жұмыс істей бастады
Тұңғыш Президент күніне орай Іле ауданында ауылдық әкімдік ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Open space» форматында жұмыс істей бастады, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Нысанның ашылу салтанатында сөйлеген Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев Энергетика ауылдық округіндегі үш ауылда 40 мыңнан астам адам тұратынын айтты.
— Бірінші кезекте аудан тұрғындарын Тұңғыш Президент күнімен және Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Бүгін тағы бір ауылдық округ «Open space» форматында жұмыс істей бастады Бұл — халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды шара. Мысалы, өткен жылы сервистік әкімдіктер арқылы аудан тұрғындарына 75 мыңдай мемлекеттік қызмет көрсетілген, бұл ретте оның 83,6%-і электронды түрде көрсетілген. Қазіргі кезде аудандық бөлімдерде, ауылдық округтерде, мектептерде, балабақшаларда, медициналық нысандарда өз-өзіне қызмет көрсететін 93 бұрыш ұйымдастырылған. Биылғы жылдың 9 айында аудан тұрғындары 21 750 мемлекеттік қызмет алды. Алдымызда барлық ауылдық округ әкімдіктерін «Open space» форматына сәйкес жабдықтау міндеті тұр. Осындай форматқа Байсерке ауылдық округі әкімінің аппараты да көшті. Келесі жылы Ащыбұлақ, Күрті ауылдық округтері әкімдерінің аппараттары көшеді. Бұл қызмет көрсету сапасын арттыруға, кері байланысты жандандыра түсуге, кедергісіз орта қалыптастыруға, халықтың жергілікті атқарушы органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын, — деді Б.Қарасаев.
Іле аудандық әкімдігінің хабарлауынша, нысанның жаңа форматтағы жұмысы үшін Энергетика ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратына жөндеу жүргізілді. Осы форматта жұмыс істейтін басқа да әкімдіктер сияқты бұл нысан да «бір терезе» принципін басшылыққа алады. Мұнда мемлекеттік қызмет көресту реестріне сәйкес мемлекеттік қызметтің 4 түрі көрсетіледі. Атап айтқанда алыс ауылдарда тұратын балаларды білім мекемелеріне және кері қарай үйге тегін тасымалдау; жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім шығарып беру; елді мекен шегінде құрылыс нысанына жер учаскесін бөлу; тұрғын үй салуға жер учаскесін алуға кезекке қою қызметтері бар. Сол сияқты өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы жасақталып, онда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған. Шақыру батырмасы, пандус, Брайль шрифтімен жазылған маңдайша жазулар қойылған.
Атап өтсек, бүгінгі күні Алматы облысында 20 сервистік әкімдік, 22 әкімдік «Open space» форматында жұмыс істейді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.