Алматы облысының аудандық ауруханасында өкпесі толық зақымданған жүкті әйел жазылып шықты
Алматы облысының Іле ауданында өкпесінің 90 пайызы зақымданған жүкті әйел жазылып шықты, деп хабарлайды kznews.kz сайты ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ем-шара ЭКМО (Экстракорпоралды Мембраналық Оксигенация) аппаратын пайдалана отырып жүзеге асырылды. Іле аудандық орталық ауруханасына жүкті келіншек COVID-19 диагнозымен, өкпесінің 90 пайызы зақымданған күйінде жеткізілген болатын. Аталған аурхана директоры Бауыржан Ысқақ Ербозымұлы науқас ЭКМО аппаратының көмегімен аман қалғанын айтты.
«9 тамыз күні 27 жастағы жүкті әйел (38-39 апта) өте ауыр жағдайда түскен болатын. Ауыр хәлде түскен әйелге дереу ота жасалып, бала аман-есен дүниеге келді. Бірақ науқастың жағдайы нашарлап, қанды оттегімен қанықтыратын ЭКМО аппаратына қосуға тура келді. Науқас 31 күннен кейін өздігінен дем ала бастады», — деді Бауыржан Ысқақ.
4 баланың анасы Баянсұлу Амангелдиева жансақтау бөлімінде медицина қызметкерлерінің көмегімен қайта аяққа тұрып, өздігінен дем алуды, қозғалуды үйренгенін айтады.
«Мен жансақтау бөлімінде 47 күн жаттым. Екі ай бойы балаларымды көру арман болды. Көпшілік жиналған жерде маска таққан емеспін. Бұл менің басты қателігім болды. Өйткені маска таққан кезде өзімді жайсыз сезініп, ауа жетпей тұрғандай сезінетінмін. Алайда бір жұтым ауаны өздігімнен жұта алмай қиналғанда қатты өкіндім. Қателігімнің салдарынан отбасымды, туған-туыстарымды, менің өмірім үшін екі ай бойы күрескен дәрігерлерді әуреге салдым. Қазір аман-есен жазылып, отбасыма оралдым. Дәрігерлерге алғысым шексіз»,- деді Баянсұлу Амангелдиева.
Айта кетейік, жұқпалы дертке шалдыққан тұрғын ауруханада 58 күн жатса, соның 47 күнін жансақтау бөлімшесінде өткізді. Іле ауданық ауруханасына одан өзге COVID-19 диагнозымен, өкпесі 80 пайызға дейін қабынған бес жүкті әйелді дәрігерлер аман алып қалды.