«Хижаб» туралы аяттың тәпсірі
قال تعالى : ( وَقُلْ لِلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَلا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إِلا مَا ظَهَرَ)
Алла Тағала: «Мүмін әйелдерзинатын (ұятты жерін) ашпасын! Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс…» (Нұр сүресі, 31-аят) деген.
Ханафи мәзһабы бойынша, «Әйел адамның денесі түгелдей – әурет (жабылуы тиіс жерлер). Тек қана жүзі, қолы мен аяғы (табаны) әурет болып саналмайды. Алла Тағала: «Мүмін әйелдер зинатын (ұятты жерін) ашпасын! Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс…» (Нұр сүресі, 31-аят) деген. Яғни, әдетте әйел адам жүзін, қолы мен аяғын бөгде адамдардың алдында ашып жүреді. Бұл мүшелердегі зинатты көрсетпей жүрудің жолы жоқ. Сүрме – жүздің зинаты. Жүзік тағу – қолдың зинаты. Сондай-ақ, әйел бір заттарды қолымен беріп, алады. Жүзді ашып жүруде де қажеттілік бар. Әсіресе, куәлік ету және сот кездерінде. Ал, жүрген кезде екі қадамның (табанның) ашылуы да тәбиғи іс. Бұл жағдай кембағал әйелдерде көп кездеседі»[1] деген.
Демек, әйел адамның жүзі, қолы мен аяғы әуретке жатпайтындықтан, әйел адамның бетін жабуы шарғи бір міндет емес. Бүгінгі таңда діндегі хижаб кию (әйелдің басына орамал тағу) мәселесі мен ниқаб кию ісін көп адамдар шатастырып жатады. Негізі екеуі екі бөлек нәрсе. Араб тіліндегі «ниқаб» сөзі – бетті бүркемелеу, бетті жауып тұратын перде деген мағынаны білдіреді. Яғни, ниқаб киіп, бет-аузын тұшалап алған әйелдің кім екендігін анықтау қиын. Ал, хижабтағы әйел адамның бет-бейнесін көруге, оның кім екенін анықтауға болады. Немесе араб тіліндегі «Хижаб» сөзі қазақ қоғамында «Шариғат шәлісі», «Сәукеле» және «Кимешек» деген сынды әртүрлі атаулармен таныс.
Ниқаб кию үрдісі кең таралған мұсылман елдерінің бірі Сауд Арабиясы да бүгінде бұл мәселеге обьекті баға беріп отыр. Сауд Арабиясы үшін осындай ерекше ойды көпшілік алдында белгілі Құба мешітінің имамы, шейх Салих әл-Магасами: «Кейбір ғалымдар әйел адам бетін жабуы керек дейді, енді бір ғалымдар бұлай деуге негіз жоқ екенін айтады. Сондықтан, өз ойларыңызға салып, бет-жүзі ашық болу азғындыққа алып келеді деп тыйым салудың жөні жоқ. Әйтпесе, өздеріңіз Жаратқанға қарсы келесіз»[2] десе, Әл-Азһар университеті пәтуалар жөніндегі Кеңесінің бас хатшысы Халед Омран, әйелдердің паранже және ниқаб киюі туралы: «Ниқаб – көз тұсынан басқа, жүзді түгел жауып, жасырып тұратын бас киімді атайды. Бұл никаб туралы айтар болсақ, Құранда да, Сүннетте де оны киюге қатысты ешқандай нұсқау жоқ, мұсылман қыз-келіншектер никабпен жүруге міндетті емес. Сондықтан, біздің ұстанымымыз мынадай: никаб — кейбір елдердің әдет-ғұрпынан туындаған, сол халықтар үшін міндетті шартқа айналған дәстүрлі киім түрі, ал мұсылмандық құқықтың негізгі ережелерінде никаб туралы ештеңе айтылмаған»[3] деген.
Ислам діні – адамзат өмірін жан-жақты қарастырған бірден-бір кемел дін. Әйел адамның жүзін, қолы мен қадамын ашық ұстауға рұқсат беруі соның бір дәлелі. Күнделікті тіршілік өмірде адам қарсысындағы адамның кім екендігін тану арқылы онымен қарым-қатынас жасайды. Оған сеніммен қарайды. Қарапайым бір мысал келтірер болсақ, бет-аузын бүркемелеп алған бір ана мектептегі баласын алып кетуге келді делік. Баланың мұғалімі беті-аузын бүркемелеп алған адамның түрін көре алмағандықтан, ол адам қасындағы баланың шынайы анасы ма, әлде басқа біреу ме қайдан біледі? Мүмкін басқа біреу шығар. Сондықтан, Ислам діні мұндай әсірешілдік әрекеттерге ешуақыт жол бермейді.
Әлемдегі Бельгия, Франция, Латвия, Австрия және Болгария сынды кейбір елдердің ниқабқа тыйым салуға тырысып жатуы адамзат қауіпсіздігін сақтаудан туындап отырғаны анық. Әрине, ниқабқа тыйым салынады дегендік хижабқа тыйым салынады дегенді білдірмейді. Екеуінің екі бөлек нәрсе екендігіне жоғарыда тоқталып өттік. Сондай-ақ, қоғамда ниқаб мәселесін Ислам дінінің негізгі міндеттері ретінде көрсету, тықпалау Ислам дініне жасалған қиянат болып табылады. Яғни, мұсылман еместердің кейбір мәселелердің мәніне жетпестен Ислам дінін кінәлап, айыптаулары зорлық-зомбылық, қиянатқа жатса, ал мұсылмандардың исламның негіздерінен алшақтап, кейбір істерде әсірешілдікке бой алдырулары, діннің рухына үңілместен кесіп-пішіп үкім шығарулары да дінге жасалған қиянат деуге болады. Ниқаб киюді парыздық деңгейге көтеру де соның бір айғағы болып табылады.
ҚМДБ-ның хижаб туралы ұстанымы: «Хижаб – орамал, мұсылман әйелінің ар-намысын қорғайтын жаулығы. Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, шариғат әдебі бойынша киінуді бұйырған. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім кию – мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды. Құран және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі мен мұсылман ғұламаларының бірегей пікірі бойынша, мұсылман әйеліне орамал тағу – парыз. Сонымен қатар, еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді» дей келе, мектеп құшағындағы қыз балаларға қатысты мынандай тұжырым айтады: «мектеп табалдырығын енді ғана аттаған қыз балаға, яғни балиғат жасына толмаған қызға жаулық жабу немесе орамал тағу – міндетті емес. Мұндай әрекетке бармас бұрын ата-аналардың байсалды, ұстамды болуларын, ыждаһаттылық танытуларын сұраймыз. Мүмкіндігінше мектеп басшыларымен ортақ мәмілеге келулеріне, қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуына назар аударуға кеңес береміз. Білімсіздік – бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Алла Тағала қалаған құлына кез-келген тығырықтан шығу жолын үйретеді»[4].
Сонымен қатар, белгілі дінтанушы Мұхан Исахан, өзінің Facebook (фесбук) парақшасында: «Мектеп формаларының ішінен бір үлгідегі орамалы мен ұзын етегі бар киім үлгісін бекітуіміз керек. Қазір Қазақстан Білім министрлігінде 15 түрлі мектеп формасы бекітілген. Осыларға қосып бір пішін, бір үлгідегі балама киім үлгісін жасасақ, азаматтардың Конституцияда көрсетілген ар-ождан және діни сенім бостандығы құқығына нұқсан келтірмеуге болады. Еуропа мектептерінің өзінде гигеналық киім үлгісі ретінде «вандамка» кию дресс-коды қабылданған» деген көзқарасын да ескерген жөн болады.
Қорыта айтар болсақ, Ислам діні әу баста күллі адамзатты «Оқы…» әмірімен білім алуға шақырды. Білім адамзаттың мәртебесін көтеріп, Аллаға жақындататын негізгі жол. Әсіресе, бүгінгі ғылым мен технология қатар шарықтап дамыған дәуірде әрбір мұсылман баласын, мейлі ол ұл бала болсын, мейлі қыз бала болсын білімсіз қалдыруға құқығы жоқ. Бүгінгі мектеп табалдырығындағы ұл-қыздарымыз ертеңгі ұрпақты имандылыққа баулып, білім үйрететін ұлағатты ұстаздар. Сол себепті, әркім діні мен халқына болған сүйіспеншілігін, жанашырлығын бүгінгі қоғамның үдесінен шыға отырып, келелі келешекті қалыптастыратын саналы ұрпақ өсіру арқылы көрсетуі тиіс.
Самет Оқанұлы
Исламтанушы
[1] Имамул Ханафи Нуриддин Әли Молла қари әл-Һарауй, Фатху бәбил ғиная фи шархи китәбин ниқая, 1-том, 208-бет.