Шуақ шашқан «Шапағат»

0

Ата-ана өз ұрпағының білімді, тәрбиелі, айтулы азамат болып өсуіне бүкіл ғұмырын арнайды. Қартайғанда, күш-қуаты азайғанда да солардың тілеуін тілеп отырады. Сол үшін де перзенттері оларды құрметтеп, бағып-қағуға міндетті.

Бұл ата-бабаларымыздан бізге жеткен, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан игі үрдіс. Тағдырдың адам баласына тартар сыйы да біркелкі бола бермейді, асыраушысынан айрылған қарт адамдар мен қараусыз қалған мүгедектер де аз емес. Біздің елімізде оларға мемлекет тарапынан қамқорлық қарастырылған.

Жер жаннаты Жетісудың табиғаты тамылжыған төсінен орын тепкен Текелі қаласындағы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы үлкен бір отбасы іспеттес ұйым. Орталықтың құрылғанына биыл отыз жыл толып, оны бүкіл ұжым болып атап өтті.

Тәуелсіздігімізбен түйдей құрдас мекеменің өзіндік тарихы бар. Өткен отыз жылда бүкіл еліміз сияқты қиындықтарды жеңіп, уақыт сынынан сүрінбей өте білді.

Қарт адамдар мен өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар ыстық ықылас пен аялы алақанға зәру екені белгілі. Сондықтан да біз ұжым болып қарттарымызға мейілінше мейірім шапағатымызды, жан шуағын сыйлап, қолайлы жағдай жасауға барымызды саламыз. Орталықта олардың өмірін жайлы, алаңсыз өткізуіне мүмкіндік мол.

Сондай-ақ қарттарымыздың уақытын тиімді пайдаланып, өздеріне ұнайтын кәсіпті серік ету үшін арнайы үйірмелер, демалыстарына түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Қажет болса жақындарымен, туыстарымен видео байланыс жасап береміз.

Індетке байланысты елімізде карантин басталғалы барлық санитарлық талаптар күні бүгінге дейін жоғары деңдейде орындалып келеді. Бұл індетті жұқтырып алмаудың ең тиімді жолы. Өйткені біздегі қызмет алушылардың бәрі қарт адамдар, олардың иммунитеті жастарға қарағанда анағұрлым әлсіз келеді. Адамдарымыз коронавируспен ауырса бүкіл еңбегіміз зая кететін еді. Сондықтан олардың денсаулығын сақтауға бірінше кезекте назар аударылды. Жұқпалы аурудың жаппай таралу жағдайын болдырмау үшін бақылау күшейтіліп, арнайы жұмыс жоспары бекітілді.

Аталмыш жоспар бойынша орталық аумағында 5 сүзгі орналасқан. Мекеменің кіреберіс қақпасында қатаң түрде жұмысшылар мен қызметкерлер күнделікті дене қызуын тексерту арқылы ғимаратқа және мекеме ауласына кіре алады. Сондай ақ, әр ғимаратта, асхана және шаруашылық бөлімдерінде жұмысшылар мен медицина қызметкерлеріне арналған сүзгілер бар және тәулік бойы жұмыс істеп тұрады.

Мекемеміздің тұрғындары мен қызметкерлері коронавирус басталған алғашқы күннен жаппай бетперде тағу режіміне ауыстырылған. Төтенше жағдайға байланысты, әсіресе карантин күшейтілген кезеңде қызмет алушы тұрғындарымызға мекеме аумағынан шығуға және туған-туысқандарымен кездесулеріне тыйым салынды.

Сондықтан туған-туыстарымен телефон, интернет арқылы сөйлесу ұйымдастырылды. Коронавирустың бірінші толқыны өте қауіпті болғаны белгілі. Осыған байланысты қызметкерлеріміз үш ауысымға бөлініп, он тәуліктік жұмыс режиміне ауыстырылды. Олар тұрғындардың топталмауын қадағалап, тамақтандыруды да бөлмелерінде ұйымдастырылды.

Сол сияқты тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, құқықтық және экономикалық қызметтер де тұрақты түрде өз бөлмелерінде көрсетілді. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде тұрғындарымыз індет жұқтырудан сақтандырылды. Орталықтың 271 тұрғындары мен 247 қызметкерлері COVID-19-ға сынама тапсырып, тапсырылған сынамалар теріс нәтиже көрсетті.

Бұл жоғары көрсеткіш, ең бастысы адамдарымыздың денсаулығы сақталынды. Осы бағыттағы жұмысты әлі де бәсеңсітуге болмайды, мекемеде үнемі күшейтілген санитарлық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп тұрады.

«Шапағат» орталығы 2019 жылғы 13 мамырдағы № 238 әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын, сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласындағы басқа да қабылданған заңнамалық актілерді басшылыққа ала отырып жұмыс істейді. Орталық қызметіне мұқтаж адамдар Алматы облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарамасы мемлекеттік мекемесінің жолдамасы бойынша қабылданады.

2021 жылдың қаңтарында мекемеде арнаулы әлеуметтік қызметтерді сапалы жүргізу мақсатында жылдық жұмыс жоспары алдынала құрылып, бекітілді. Оған бүкіл ұжым жұмылдырылды. Штат бойынша қызметкерлер мен жұмысшылардың жалпы саны – 240 бірлік, мекеме кадрлармен толық қамтамасыз етілген. Орталықта медициналық қызмет көрсету бірінші кезекке қойылған және қолданыстағы лицензияға сәйкес жүзеге асырылады. Мекеме қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген, арнайы мамандырылған дәрігерлер қызмет атқарады.

Қызмет алушылар қалалық емханаларда толық тіркелген, аурулардың амбулаторлық карталары толтырылады. Терапияда дәрі-дәрмектермен емдеудің соңғы заманауи әдістері бойынша жүргізеді. Орталықта 6 медициналық пост тәулік бойы жұмыс жасайды. 2021 жылдың басынан бекітілген жоспар бойынша 64 қызмет алушыға скринингтік қызмет көрсетілді.

Қарттар мен мүгедектігі бар төсек тартып жатқандарға әлеуметтік-медициналық және консультациялық қызметтер тікелей тұрғын бөлмелерінде жүргізіледі. Тұрғындардың осы санатына күтім жасау үшін жеке гигиена заттары мен реабилитацияның функционалдық төсек, Бубновский тренажеры, декоративті матрацтар, жәшіктер, мүгедектер арбалары, жылжымалы үстелдер, ванна көтергіштері, мүгедектер арбасына арналған пандустар және басқа да техникалық құралдары пайдаланылады. 2021 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын арттыру үшін аумақты абаттандыруға, спорт алаңдарын орнатуға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.

Қызмет алушылар үшін жаяу жүргіншілер жолы салынып, демалыс орындары, сондай-ақ жайлы үйшіктер орнатылды. Кешкі және түнгі уақытта мекеменің барлық аумағы әдемі шамдармен жарықтандырылады. Дәрігерлер сырқаттың созылмалы аурулары асқынғанда және шұғыл медициналық көмек керек болған жағдайда қаланың және облыстың бейіндік стационарлық бөлімшелеріне ем алуға орналыстырады.

Қазір кезде біздің орталықта облысымызға қарасты елді мекендерден келген 260-қа жуық адам тұрақты тұрып жатыр. Олардың елу шақтысы бірінші және екінші топтағы мүгедектер. Негізінде 16010 шаршы метрге орналасқан орталық 350 адамға есептелген, оның отыз орны күндізгі бөлімге тиесілі.

Мысалы өткен жылы «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 341 адамға тұрақты түрде әлеуметтік көмек көрсетілді. 2021 жылдың басынан психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде 12 адам сауығып, рухани жағынан оңалып өз отбасына қайтарылды. Біздің салада еңбек нәтижесі адамдардың санымен емес, олардың денсаулығын түзеп, өз отбасына оралуымен есептеледі.

Әрине егер баратын, туыстары мен жақындары бар болса. Бірақ, өкініштісі көбінің ондай жанашыр туыстары жоқ. Сондықтан ондаған жылдар біздің орталықты тұрып жатқандар да бар.

Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға ыңғайлы және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету мақсатында ғимараттың кіреберістерінде талапқа сай пандустар, тік және көлденең көтергіштер орнатылған. Арбада отырған мүгедектердің қозғалысы үшін және қарт адамдарға өте қолайлы SL-001 маркалы 650 келі салмақты көтере алатын екі жүк көтергіш жеделсаты қызмет көрсетеді.

Ғимараттың бірінші қабатына карточка арқылы зейнетақыларын өздері кез келген уақытта алу үшін, көпшіліктің сұранысына орай Казпоштаның банкоматы орнатылған. Орталықта барлығы 57 мүгедектер бар. Оларға жеке оңалту бағдарламасы әзірленген. Мекемеге жаңадан келген мүгедектің бүкіл құжаттары Текелі қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өткізіледі. Әр тоқсанда жеке оңалту бағдарламасының орындалуы бойынша мониторинг жүргізіліп, есеп беріледі. 2021 жылдың жеке оңалту бағдарламасының орындалуы бүгінге дейін жоспарланған меженің 90 пайызынан асты.

Орталық 216 тұрғын бөлмелерден тұрады. Әр бөлмеде бір, екі және төрт кісіден жатады. Бөлмелердің есіктері талапқа сай, әр бөлменің өзінің әжетханасы мен жуынатын бөлмелері, қажет жиһаздары бар. Тұрғын үй-жайлар өрт дабылы жүйесі, санитарлық-гигиеналық нормалар мен ережелерге, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жабдықталған. Мекеменің сырты мен ішкі дәліздерінде 100 бейнебақылау камералары орнатылған.

Орталықта тұрғындарға калориясы теңдестірілген тамақ 5 уақыт беріледі. Ас мәзіріне ет және сүт өнімдері, жемістер мен көкөністер міндетті түрде кіреді. Медициналық көрсеткіштер бойынша созылмалы аурулары бар адамдар үшін арнайы диеталық үстелдер тағайындалады. Қызмет алушылардың денсаулық жағдайын ескере отырып асханада және бөлмелерде тамақтандырылады. Тұрғындардың жасына сәйкес дайын тағамның калориялық мөлшері 2500-ден 3000 кило калорияны құрайды.

Мекемемізде құрылған қоғамдық кеңес мүшелері мен мәдени тұрмыстық комиссия мүшелері бірігіп тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік тауарлар келген кезде жеткізушілерден қабылдап алып, арнайы журналдарға тіркеу жүргізеді. Тұрғындарымыздан келіп түскен өтініштер мен сұраныстары кітапшаға тіркеліп, оны қоғамдық кеңес пен мәдени-тұрмыстық комиссия мүшелері бірігіп қарастырады. Соған байланысты тиісті шешім шығарылады.

Орталықта өткізілген, әрбір ұйымдастырылған іс-шаралар мен келген қонақтарымыз жайлы мәліметтер мен фотоесептер мекеменің жеке сайтында және инстаграмм, фейсбук әлеуметтік желілерінде жарияланып тұрады. Мәліметтер қолжетімді, кез келген ауқытта ашып қарауға болады.

 

Қарияларымызға медициналық, тұрмыстық қызмет көрсетуден басқа, оларды мәдени және спорттық шараларға қатыстырамыз. Алдынала бекітілген жоспарға сәйкес Балқаш көліне, Қапшағай су қоймасының демалыс орындарына, Алматы қаласына, Талдықорған қаласындағы мұражайларға, орталық саябағына, Текелі қаласының тау бөктеріндегі Будда тасына барып, Қора шатқалына серуендер ұйымдастырылып тұрады. Қыс мезгілдерінде тұрғындарды таза ауаға шығарып шаңғы тебуді, Скандинавиялық жүріспен жүруді, сондай-ақ жазғы табиғатты тамашалауға, серуенге шығуды қалыпты дағдыға айналдырдық.

Бұл олардың денсаулығын түзеуге, көңіл-күйлерінің жоғары болуына оң ықпал етеді. Мекемеде үйірме белсенділігін арттыру қызметі жолға қойылған. Көптеген жылдар бойы «Ақ Ладя» шахмат клубы, «Ивушки» ән мен би клубы, «Шебер қолдар» клубы тұрақты жұмыс істейді. Тұрғындарымыз өз қызығатын үйірмелерге белсене қатысады.

Тұрғындарға мейлінше үй жағдайына жақындастырылған ортаны қамтамасыз ету қажет. Сол себепті олардың тамақтануын, демалысын, әрбірінің мүмкіндігіне қарай еңбек қызметіне қатысуын және белсенді өмір салтын сақтай отырып, қарт азаматтар мен мүгедектердің тілектері мен мүдделерін ескеріп, еңбекпен оңалту жөніндегі іс-шараларды жоспарға сәйкес жүгіземіз.

Мысалы, мекемемізде дәрілік шөптерді қайнататын «Фито бар» жұмыс жасайды. Қызмет алушы тұрғындардың бойындағы еңбек дағдыларын дамыта отырып, өздері қыстай қайнатып ішетін дәрілік шөптерді өздеріне жинауды үйрету арқылы өмірге деген құштарлықтарын, белсенділіктерін жоғарлатып отырамыз. Бұл оларды жұмысқа жегу емес, керісінше өз қызығушылығына орай ұйымдастырылады. Бұрындар баса назар аудармайтын шөптердің қандай емдік қасиеттері бар екенін білу қашан да қызық және пайдалы.

Қызмет алушылардың психологиялық жеңілдігі үшін мекемемізде сенсорлық кабинетте сабақтар өткізіледі – бұл адамның психикалық жағдайын түзету және оңтайландыру мақсатын көздейді. Тұрғындарымызға көрсетілетін тағы бір қызмет бар. Әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріліп, түрлі құжаттарды уақытылы рәсімдеуге жәрдемдесеміз.

Текелі қаласының ішкі істер бөлімімен бірлесіп құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құрылған жоспар бойынша іс шаралар өткізіліп отырады. Мекемедегі тұрмыстық мәдени комиссиясының мүшелерімен және учаскелік инспекторлармен бірлескен ішкі тәртіп ережелерін бұзушылармен түсіндіру жұмыстары дер кезінде жүргізіліп тұрады. Орталықтағы әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар бірлесіп салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етіп, алкогольдік ішімдіктердің және шылым шегудің зиян екендігі туралы үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Биылғы жылы аймақ көлемінде «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» байқауы өткізіліп, сол байқауда аталған номинациясы бойынша біздің орталық облыстағы үздік медициналық-әлеуметтік мекеме болып танылды.

Әлеуметтік қызметкерлер күнін мерекелеу барысында біздің мекеме облыс басшыларының құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл ұжым еңбегіне берілген жоғары баға деп білеміз. Белгіленген жоспарларымызға сәйкес орталық мамандары біздің қарттарымызға лайықты қызмет көрсетуін алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Алма НҰРМЫХАНОВА, Текелі «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры.