Сарқан ауданында дәрілік шөптерден 149 тонна өнім жиналған
Сарқан ауданында дәрілік шөптерден 149 тонна өнім жинаған деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
2010 жылы құрылған «AZIA GOLD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі табанды еңбектің арқасында алқап аумағын ұлғайтып, биылғы жылға 490 гектарға жеткізген. Алқаптардың басым бөлігіне көп жылдық валерьянка, жалбыз, түймедақ, календула, долана сияқты шипалы шөптер бар. Ал биылғы жылы алғаш рет 49 гектар жерге мия (солодка) тұқымы себілген.
Жетісу өлкесінде тек біздің ауданда ғана өсетін дәрілік шөпке сұраныс өте жоғары. Аталған мекеме өнімдерін Ресей, Германия және Түркия елдеріне экспорттайды.
«Биылғы жылы өнім жақсы шықты. Жиын-терінді толығымен аяқтадық. Қазіргі таңда жиналған дәрілік шөптерді тазартып, кептіріп, ұнтап, қапқа салып шет елдерге шығаруға дайындап жатырмыз. Келешектегі жоспарымыз зауыт салу. Зауытты жеке қаражат есебінен Martin Bauer Group 192,7 млн.теңге қаржыландырмақ. Сондай-ақ, зауытта 35 адамға тұрақты жұмыс орны қарастырылған» — деді кәсіпорын басшысы Алексей Викторович.
Ерекше күтімді қажет ететін емдік шөптердің 149 га тамшылатып суғарылады. 2018 жылы мемлекеттің қолдауының арқасында 211 млн.теңге субсидия беріліп, жүзеге асқан тың жобаның бірі.
Айта кетейік, алдағы жылы Қарғалы ауылында аталған серіктестік дәрілік шөп өндіру зауытын ашуды жоспарлап отыр. Жобалық құны 442,7 млн.теңге.