Тереза Мэй отставкаға кетуі мүмкін

0

Тереза Мэйдің жоспары парламентте мақұлданбаса, Ұлыбританияда мерзімінен бұрын сайлау өтеді.

Осы аптада Британия парламентінің қауымдар палатасы Brexit жоспарын соңғы рет талқылап, шешім шығарады. Егер депутаттар қарсы дауыс берсе, Британия одақ құрамынан уағдаластықсыз шығады. Құжатты алдын-ала тексерістен өткізген депутаттардың біразы Ирландия Республикасы мен Солтүстік Ирландия арасында шекара режимін құру мәселесі толық шешілмеді дейді. Демек, Британияның Еуропалық Одақ мүшелігінен ешбір келісімсіз шығуы да, одақ құрамында қалып қоюы да ықтимал.

Британия премьер-министрі Тереза Мэй: «Күні бүгінге дейін Brexit жоспарын талқылап, біраз өзгерістер енгіздік. Ендігі кезекте Ұлыбритания одақ құрамынан шығу үшін келісімді шұғыл мақұлдау керек. Парламент нақты бекітсе, қолға алған істеріміз оңынан жүзеге аспақ. Яғни Біріккен Корольдікке тұрақтылық қажет», – деді.
Ертең Ұлыбритания үкіметі мақұлдаған 585 беттік құжаттың мәтіні парламентте баяндалады. Брюссельде де Еуроодақ құрамында қалған 27 елдің өкілдері Brexit мәселесін кеңінен талқылаған болатын. Еуроодақ тарапынан келіссөз жүргізуші Мишель Барнье мен Еуропалық кеңестің президенті Дональд Туск Brexit бойынша барлық жағдайды тексермек.

Айта кетейік, Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан 2019 жылдың 29 наурызында шығады. Ал 2020 жылдың соңына дейін ішкі нарықтағы жағдай, дипломатиялық байланыс пен еуропалық саясатқа реформалар енгізілмейді. Сарапшылардың болжамы бойынша, Британия парламентінің Тереза Мэйге сенімсіздік вотумын жариялауы да ғажап емес.

«The Qazaq Times»