Жаңа форматтағы орталық ашылады | «Айқын» газеті

0

Еліміз мамандар жағалай отырып, халықты қабылдайтын дәстүрлі ХҚКО-лардан электронды ХҚКО-ларға қарай ауысуға ден қойды. Осы орайда алдағы сәрсенбіде, 12 желтоқсанда Астанада Қазақстандағы тұңғыш «Электронды қызметтер орталығы» салтанатты түрде ашылатын болады. 

Аталған орталық республикадағы халыққа қызмет көрсету орталықта­рының жаңа буынының ізашарына айналмақ. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясының бас­қар­ма төрағасы Аблайхан Оспанов хабарлады.
«Бұдан бөлек, биылғы жылдың ба­сынан бері Қазақстанда «цифрлы ХҚКО-лар» ашылуда: дәстүрлі орта­лық­тардан айырма­шылығы сол, бұларда үс­тел басында оты­ратын оператор ма­ман­дар жоқ. Тек залда жүретін кеңесші-кон­сультанттар ғана өз бетінше қызмет алушы азаматтарға бағыт-бағдар беріп, көмектесіп отырады. Осындай цифрлы ХҚКО-лар қазірдің өзінде Ас­та­на, Ал­маты, Шымкент және Қостанай қа­ла­­ла­рын­да жұмыс жа­сауда», – деді А.Оспанов.
Оның мәліметінше, цифрлы ХҚКО-лар барлық облыс орталығында ашылуға тиіс. Ол фронт-офистерде қа­зақстандықтар тек қызметтерді өздігінен алып қана қой­май, сондай-ақ арнайы жабдықталған оқу кластарында цифр­лы сауаттылықты игеру мүмкін­дігін иеленеді.
А.Оспанов қазір елімізде мемлекеттік қызметтердің жартысынан көбі элек­тронды күйде тұтынылатынына назар аудартады. Нақтырақ айтқанда, «Аза­маттарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 598 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бұл арнайы тізілімде бекітілген барлық мем­лекеттік қызмет­тердің 80 пайызына тең. Өткен 11 ай ішінде мемлекеттік корпо­рацияның фронт-офистері 30 миллионнан астам қыз­мет көрсетсе, соның 16 миллионға жуығы электронды форматта берілген.
Алайда мемлекеттік қызметтердің барлығын бірдей интернет арқылы элек­тронды күйде алу мүмкін емес әрі біразы бойынша адамның ХҚКО-ға келіп, көрінуі талап етіледі. Мәселен, аталған тізілім-реестрдегі 741 мемле­кеттік қызметтің небәрі 454-і, яғни 61 пайызы ғана бүгінде электронды фор­матта қолжетімді. Бірақ бұл көрсеткішті жақсарту және жыл өткен сайын элек­тронды форматта көрсетіле­тін қызметтер санын өсіру міндеті қойыл­ған. Нәтиже­сінде, 2020 жылы оның үлесі 90 пайызды құрауға тиіс.
– Цифрлы мемлекет қалыптастыру барысында азаматтардың цифрлы жа­ңашылдықтарға деген қызығушылығын тудырып, олардың қыр-сырына үйретіп, үнемі еліктіріп отыру қажеттігін тү­сінеміз. Сондықтан бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпо­рациясының тағы бір миссиясы пайда болды, ол халық­тың цифрлы сауат­тылығын арттыруды қарастырады, – деді Аблайхан Оспанов

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын