Алматы облысында 13 спорттық-сауықтыру кешені іске қосылды

0

Алматы облысында спорт саласы бойынша 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, соның екеуі биыл Балқаш және Райымбек аудандарында пайдалануға берілді, деп хабаралайды kznews.kz сайты.

Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифинг барысында айтты.

Спикер Елбасының 100 спорттық кешен салу туралы тапсырмасына орай және бұқаралық спортты дамыту мақсатында қолданысқа берілген 13 ДШО-ға қосымша тағы төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Астана күнінде Талдықорған қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ жабық жүзу бассейнін аштық. Қазір мұнда 1126 бала жүзумен айналысады, қосымша тағы 2 мың бала қабылданады. Бассейн салу — әлеуметтік нысандар құрылысындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің жемісі», — деді А. Баталов.

Өз сөзінде спикер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды.

Оның айтуынша, ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,7 млрд теңге бөлінген. 154 қызметтік автокөлік сатып алынуда, қосымша 250 бейнебақылау камерасы орнатылды, тұрғын үймен біріктірілген төрт учаскелік полиция пункті салынды, 16 жаңа өрт сөндіру бекеті құрылды.