Жемқорлықпен күдікке ілінген астаналықтардың 40%-дан астамы мемлекеттік қызметкерлер

0

Нұр-Сұлтан қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула Astana Adaldyq Alańy жобалық кеңсесінде өткен онлайн брифингіде осындай дерек келтірді, деп хабарлайды kznews.kz сайты inform.kz порталына сілтеме жасап.

«Күдікке ілінгендердің 40 пайыздан астамы – мемлекеттік органдардың өкілдері. Өндірісте жатқан 192 қылмыстық істің ішінде 82 пайызы бойынша тергеу аяқталды. Оның 45-і сотқа жолданды. Қылмыстық істер бойынша қабылданған шешімдер аясында мемлекет бюджетіне 2 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді», — деген департамент өкілі астананың мемлкеттік органдарында тіркелген атышулы жемқорлық істерді еске салды.

Оның ішінде пандемия кезінде оқушыларға арналған планшет сатып алу шараларын бұрмалау арқылы 1 млрд теңге жымқыру ісіне жауаптылардың қандай жаза арқалағаны да айтылды.

Аталмыш шарада, Шыңғыс Қабдула Нұр-Сұлтанда жемқорлық қылмыстары қай салада жиі тіркелетінін айтты. «Бұл санды салаларға жіктесек, ең көп қылмыс құқық қорғау блогына тиесілі.

Бұл салада 28 факті анықталды. Денсаулық сақтау саласында – 10, құрылыс саласында – 6, энергетика саласында — 8, білім беруде – 3 қылмыс тіркелді. Салық және мәдениет саласында да осындай тенденция байқалып отыр.

Жалпы қылмыстық жауапқа 47 тұлға тартылды. Оның ішінде республикалық маңыздағы 3, қала деңгейіндегі 2 лауазымды тұлға бар. Қала деңгейіндегі 30 адамға бас бостандығынан айыру, айыппұл сияқты түрлі жазалар тағайындалды. Оның арасында 20 адам сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталды», — деді департамент басшысы.