Қытай басшысы 2027 жылға дейін билікте болуы мүмкін

0

Қытайды көп жылдан бері басқарып келе жатқан Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің төрт күндік пленумы басталды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Осы пленумда Қытай компартиясының төрағасы Си Цзиньпин билігін нығайта түсетін шешімдер қабылдануы мүмкін.

Компартияның жүз жылдық тарихындағы негізгі жетістіктері мен тарихи тәжірибесі туралы резолюцияны талқылау үшін 8 қарашада 400-ге жуық делегат Пекинге жиналды. Бұл резолюция — партияның келер жылы өтетін 20 съездіне дайындықтың бастауы саналады. Осы съезд барысында Си Цзиньпин үшінші мерзімге Қытай компартиясының төрағасы болып сайланады, Қытайдың Мао Цзедуннан кейінгі ең ықпалды жетекшісі деген бейресми атағын нығайта түседі деген болжам бар.

2018 жылы билік мерзімі туралы Қытай конституциясындағы бапты өзгерткен Си Цзиньпин әзірге нақты бір ізбасарын таңдамаған. Сарапшылар Қытайдың қазіргі жетекшісі кемі 2027 жылға дейін Қытайды басқара береді деп санайды.

Си Цзиньпин билігі жемқорлыққа қарсы жаппай күресімен, Шыңжаңдағы, Тибет пен Гонконгтағы қуғын-сүргін саясатымен, халықаралық мәселелерде тым бірбеткейлігімен танылған. Ол өзіне айтылған сыни ой-пікірді басып тастау, бәсекелестерін түрлі тәсілдермен ығыстыру жолдарын қолдана отырып, жеке басының билігін күшейте түскен.