Қазақтілді блогерлер пицца, сушиге жарнама жасайды – Марат Оралғазин
Нұр-Сұлтанда қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумы өтіп жатыр
Қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V-ші форумында сценарист, режиссер және продюсер Марат Оралғазин жарнама берушілердің арасында «Қазақтілді аудиторияның төлем қабілеті төмен» деген пікір қалыптасқаны туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Неге орыстілді блогерлер Toyota-ға, Samsung-ке жарнама жасаса, қазақтілді блогерлер тек пицца, сушиге ғана жарнама жасайды. Екеуі екі жаққа бөлініп кеткен. Сондықтан екі аудиторияны қосып бірге шаралар өткізу керек. Біз қазір екі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мені қатты ренжіткен дүниелер болды. Жарнама берушілердің арасында «Қазақтілді аудиторияның төлем қабілеті төмен» деген пікір қалыптасқан. Мысалы, көліктің жарнамасы да орыс тілінде жазылады. Негізінде, көлік алып жатқанның бәрі – қазақтар. 19 млн халықтың 10 млн-ы қазақ болса, соның бәрінің төлем қаблеті төмен деп айтуға болмайды», – деді сценарист.
Сонымен қатар, шоумен 2000 жылдары қазақтілді қарапайым ауыз-екі сөздің өзі орыс тілінде қолданғанын тілге тиек етті.
«90-шы жылдары өзіміз Қазақстанда болғанымызбен, ойымыз Ресейде болды. Ол кезде Ресейдің ақпараттық кеңістігіне тәуелді болдық. Бұл кезеңде отандық журналистер көрермен назарын қазақтілді телеарнаға аударып бақты. Бірақ бүгінгі таңда жағдай басқаша болуда. 2014 жылдан бері назар салсақ, барлық тренд орыс тілінде болды. Арасында бірең-сараң қазақтілді жобалар жүрді. Ал қазір әлеуметтік желідегі контенттеріміз жаңа деңгейге көтерілді. Бұл – біздің жеңісіміз. Бүгінгі таңда бәрі өз тілімізде жазады. Тіл ауқымы кеңейді. Біз өз интернет контентімізді өзге елден импорттайтын емес, экспорттайтын деңгейге жеттік», – деді М. Оралғазин.