Ақтауда көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақтауда көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды qamshy.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов жиналғандарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, орталық жұмысына сәттілік тіледі. Жаңа орталықтың жалпы көлемі 3372,7 шаршы метр, 4 қабаттан тұрады. Көші-қон қызметтерін көрсету орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істемек.
Мұнда шетелдік азаматтар медициналық тексеруден өтіп, ЖСН ала алады, барлық қызмет түрлерін ұсыну үшін мемлекеттік баж салығын төлей алады, сақтандыру полисін рәсімдеп, Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметіне рұқсат алу үшін қажетті дактилоскопиялық тіркеуден өте алады. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтер қатарына шетелдіктерді тіркеу, визалық қолдау мәселелерін шешу, тұрақты тұруға қалдыру және азаматтық алу мәселелері кіреді.
«Елбасының жолдауына сәйкес, облыс орталықтарында Көші-қон қызметтерін көрсету орталығын құру қажеттігі басты мақсат болатын. Сондықтан облыс аумағына келген шетел азаматтарын тиісті тіркеуді қамтамасыз ету және олардың аймақта болуын бақылау, қызмет көрсету үшін қолайлы жағдай жасау үшін біз заманауи жабдықталған үлкен залы бар көші-қон қызметі орталығын аштық. Бұл орталық мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ азаматтардың күту уақытын қысқартуға ықпал етеді»,-деді Ералы Тоғжанов.
Бұдан басқа орталықта полиция ұсынатын барлық мемлекеттік қызметтер көрсетіледі: қаруды тіркеу және сақтауға рұқсат беру, газ жабдығын орнатуға рұқсат беру, әкімшілік айыппұлдарды төлеу және күзет қызметі үшін лицензия беру.