Ақтөбедегі Димаш Құдайбергеннің үйі жанкүйерлері үшін көруге болатын орын болмақ
Ақтөбеде танымал әнші Димаш Құдайбергенге арналған туристік нысандар ашылуы мүмкін. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин айтты, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі.
Брифинг барысында “Ақтөбеде әнші Димаш Құдайбергенге арналған музей кешені немесе оның жанкүйерлері үшін туристік нысан ашыла ма?” деген сұрақ қойылды.
«Шынымен де біздің қаланың сәулеттік келбетін Димаш Құдайбергеновпен байланыстыру жоспарымызда бар. Ол – бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Бұл адам өз талантымен бүкіл елдің, соның ішінде біздің өңірдің атын шығарып жүр. Бірақ оның коммерциялық жағы, ұйымдастыру жұмыстары бар екенін түсінетін шығарсыз. Қазір оның өкілдерімен осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Шынымен де, санитарлық-эпидемиологиялық шектеулер алынғаннан кейін қаламыздың туристерге ең бір тартымды орны Димашпен байланысты болғанын қалаймыз», — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, әкім Димаштың есімімен байланысты абаттандырылатын бес орын таңдап алынғанын айтты.
«Оның ішінде Димаштың үйі де бар. Бұл жерде әншінің өз қалауы мен еркіне де көп дүние байланысты. Бір жағынан, санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге қарамастан, осымен үшінші рет «Бақытты бала» деген Димаштың атымен байланысты фестиваль өткізіп отырмыз. Ол фестивальге ылғи өзі қатысып келеді.
Яғни, жоспар бар. Менің ойымша, біз белгілі бір келісімге келген соң, бұл жоспарды іске асырамыз», — деді Оңдасын Оразалин.