Қазақстан құрамасы төртінші орын алды
2018 жылғы 9 желтоқсан 19:44 49
АСТАНА. ҚазАқпарат — Жапонияның Кумамото қаласында гандболдан қыздар арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті. Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы төртінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біз бұдан бұрын Қазақстан құрамасы жартылай финалға шыққанын хабарлаған едік. Одан кейін жартылай финалда Оңтүстік Корея қыздарынан жеңіліп қалды.
Біздің қыздар бүгін үшінші орын үшін сайыста Қытай құрамасымен кездесті. Ойынның бірінші кезеңінде біздің қыздар 11:13 есебімен жеңілді. Ал екінші кезеңде қарсыластарымыз 14 гол соқса, оған құрамамыз 10 голмен ғана жауап қайырды. Нәтижесінде гандболшы қыздар аталмыш қарсыласына 21:27 есебімен есе жіберді. Осылайша Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында төртінші орын алды. Үшінші орын Қытайға бұйырды.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңде А тобында сынға түсті. Топтық кезеңде құрамамыз Австралияны 32:24, Иранды 41:26, Жаңа Зеландияны 51:14 есебімен жеңді.
Финалда Оңтүстік Корея мен Жапония шеберлік байқасты. Аталмыш кездесуде корей қыздары қарсыласынан 30:25 есебімен басым түсті. Чемпиондық атаққа Оңтүстік Корея ие болды. Олар мұндай мәртебеге биыл он төртінші мәрте қол жеткізіп отыр. Жапония күміс жүлдегер атанды.
Біздің құрама осылайша соңғы төрт Азия біріншілігінде төртінші орынға тұрақтады. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан құрамасы Азия біріншілігіне тоғыз мәрте қатысқан.
Азия біріншілігі 1987 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін небәрі үш құрама ғана құрлық чемпионы атанған. Қазақстаннан басқа Оңтүстік Корея мен Жапония осындай табысқа қол жеткізген. Оңтүстік Корея 14, Жапония 1 мәрте алтыннан алқа тақты.