Павлодар халқының 84 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген

0

2018 жылғы 9 желтоқсан 21:55 68

Павлодар халқының 84 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген


ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат — Павлодар облысында биыл 10 мыңға жуық адам ағылшын тілін үйренген. Өңірде 9760 адам ағылшын тілін және 3200 адам француз, испан, түрік, неміс, корей тілдерін оқыған, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османованың айтуынша, бүгінгі күні орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі — 98,6%, ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі — 23 % және үш — қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген тұрғындардың үлесі 20%-ды құрайды.

«Өңірлік іс-шаралар жоспары шеңберінде ұйымдастырылған ағылшын тілі бойынша мемлекеттік қызметшілерге арналған курсты 75 адам аяқтады, — дейді Сәуле Османова. — Сондай-ақ, өзге этнос өкілдері арасында арнайы конкурстар мен шаралар өткізілді. Оның ішінде түркі тілдес халықтар жазбалары күні, «Славян жазбалары күндері», «Бірлік» этнофестивалі, Абай оқулары, орыс жастары арасында қазақ тілін жетік меңгерген «Тіл — парасат», үш тілді меңгерген жастар арасында өтетін «Тіл шебері» байқаулары бар».

Жыл сайын өткізілетін әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына сәйкес, мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі былтырғы жылмен салыстырғанда төрт пайызға артып, 84 %-ға жеткен. Облыстық іс-шаралар жоспары шеңберінде ұйымдастырылған қазақ тілін тегін оқыту курсын 304 адам аяқтаған.

Жалпы облыс бойынша қазақ тілі оқыту курстарына 12230 адам қатысқан. Айта кетерлігі, аймақта 35 оқыту орталығы қызмет етеді. Оның 11-і — мемлекеттік тілді, 31-і — ағылшын тілін, төртеуі — орыс тілін, 13-і — басқа тілдерді оқытуға бағытталған.